Үш елде кампусы болатын университет

Білімі мен біліктілігін ұштастыра білетін маман даярлауда еліміздегі жоғары оқу орындары алдыңғы орында тұр. Әлемдік білім стандартына сай оқыту да олардың басты міндеттерінің бірі. Ол үшін елімізде аталған салаға көңіл бөлініп, барынша жағдай жасалуда. Осы орайда Алматы облысының Текелі қаласында салынып жатқан Орталық Азия Университеті аталмыш миссияны орындайтын оқу орны болмақ.

Орталық Азия университетін Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан үкіметтері мен Ага Хан қоры (Исмалиттер имаматы) 2000 жылы құрған. Жекеменшік университеттің құру шарты мен жарғысына мемлекет басшылары қол қойып, үш мемлекеттің парламенттері бекітіп, БҰҰ-да тіркелген. Университеттің әкімшілігі Бішкекте орналасқан, ал өкілдіктері Қазақстанның Текелі, Қырғызстанның Нарын, Тәжікстанның Хорог қалаларында.

Жоспарланған үш қампустың ең алғашқысы 2016 жылдың 19 қазанында Қырғызстан Республикасының Нарын қаласында ашылды. ОАУ студенттері Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Пәкістан және Ауғанстан елдерінің ірі және шағын қалаларынан келген. Бірінші келген лектің 40 пайызы қыздар. Ал екінші кампус 2017 жылы Тәжікстан Республикасының Хорог қаласында ашылады деп жоспарланған.

Үшінші кампус 2019 жылы Қазақстанда, Алматы облысы, Текелі қаласында ашылады. Текелі қаласы маңындағы ОАУ құрылысы 2010 жылы басталды. Бұл іске Aga Khan Development Network қоры 250 миллион доллар бөлген. Оқытушылар мен студенттер үшін бар жағдай қарастырылмақ. 70-80-ге тарта коттедж салынады. Білім, ғылым іздеген, оқуға деген талпынысы жоғары, нағыз дарынды жастардың ғана мекені болмақ.

naryn

Студенттер ОАУ ұсынатын халықаралық деңгейдегі пәндерді оқуға дайындалу үшін бір жылдық даярлық бағдарламасынан бастап, бакалавр дәрежесін алу үшін бес жыл оқиды. Студенттер ОАУ үш кампустың кез-келгенінде оқи алады. Оқу орнын таңдау негізгі және қосымша мамандыққа байланысты болады. 2017-2018 академиялық жылы «Компьютерлік ғылымдар» мен «Коммуникациялар және БАҚ» бағыттары бойынша оқуға түсетін талапкерлер оқуды ОАУ Нарын қаласындағы кампусында бастайды. Негізгі мамандық ретінде «Экономика» және «Жер және қоршаған орта туралы ғылымдар» бағытын таңдаған студенттер Хорог қаласындағы университет кампусына оқуға қабылданады. «Инженерлік-техникалық ғылымдар» немесе «Бизнес және басқару» бағыттары бойынша қызығушылық танытқан талапкерлер Текелі қаласындағы кампуста оқитын болады, бірақ олар даярлық бағдарламасы мен жалпы білім беру даярлығы бағдарламасы шеңберінде ОАУ нарындық немесе хорогтық кампустарда алдын ала оқытудан өтеді. Бұдан соң олар Текелі қаласындағы кампусқа ауыстырылады. Бағытына байланысты кем дегенде бір семестрді ОАУ кез-келген үш кампусының бірінде өткізуге болады.

Дәл қазір ОАУ бүкіл Орталық Азия бойын-ша ауылдық және қалалық мектептердің талаптарға сай келетін оқушыларды университетке түсуге тарту мақсатында талапкерлерді қабылдау науқанын өткізуде. Оқуға түсу үшін кез-келген жас 2017 жылдың 3 наурызына дейін www.ucentralasia.org сайтынан талапкерлерге арналған сауалнама форманы жүктеп, ондағы сұрақтарға ағылшын тілінде жауап беріп, apply@ucentralasia.org мекен-жайына жіберуі керек. Егер жауап қанағаттандырса, емтихан өтетін мекен-жай мен нақты күні туралы хабар береді.

Оқу құны — 5000 АҚШ доллары. Тұру құны және өзге шығыстар: 3000 АҚШ доллары. Барлығы: 8000 АҚШ долларына жуықтайды.

Қаржылық қолдау алуға сауалнамалар формалары алдын ала іріктеуден өткен барлық талапкерлерге беріледі. Қаржылық көмек беру туралы шешім ОАУ-нің қандай да бір қызметкерімен емес, жыл сайын және алқалы жиында қаралады.

Әлия ӘДІЛБЕК

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *