ҰБТ-ға психологиялық дайындық керек

7444Қазақстандық оқушылар бір аптадан кейін өмірлеріндегі ең жауапты әрі маңызды сынақтан өтеді. Яғни, ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады. Мектеп бітірушілер білімін саралап, ЖОО-на мүмкіндік беретін сынаққа жыл бойы дайындалды. Ал, тестілеудің уақыты жақындаған сайын психолог мамандардың да жұмысы күшейген. Өйткені, ұлттық тестілеу кезінде түлектермен жұмыс жасап, психологиялық көмек көрсету ауадай қажет,-дейді мамандар.
ҰБТ-ға адамның кейінгі өмірі, жолы, мамандығына байланысты болғандықтан ата-ананың да, оқушының да жүйкесіне ауыр салмақ салатыны рас. Осындайда кей ата-аналар баланың есіне «жоғары бал жинау керектігін» үнемі салып отырады. Яғни «жоғары бал жинауға тиіссің», «аз бал жинап қалсаң, ұят болады» деген сынды сөздер баланы кәдімгідей күйзеліске әкеп соқтырады. Мамандардың сөзінше, бұл оқушының бойынша үрей туғызуы да мүмкін. Ал, тестілеу ойдағыдай өтпеген жағдайда, оқушы түрлі теріс істерге баруы ықтимал екенін де жасырмайды. Сондықтан, ата-аналар ұл-қызымен жақынырақ араласуға, ашық сөйлесуге, достасуға, жақсылап түсіндіруге тырысқаны жөн.
Иә, ата-ананы да түсінуіміз керек. Алайда, бұл екі жақ тарапқа да оңай емес. Десек те, бұл ретте ата-ана көшбасшы болуы шарт. Баланың бойына үнемі міндеттемелерді асып қоймай, керісінше ҰБТ-мен өмір бітіп қалмайтынын түсіндіру керек. Бұл тек адамның өміріндегі өтуі тиіс бір белес қана. Яғни, балада «Мен үмітті ақтамадым» деген ой туындамайтындай ету керек. Талап қоя отырып, балаға сот ретінде, үкім шығаратын адам ретінде қарамағаны абзал. Әр отбасында достық қарым-қатынасы сақталғаны дұрыс. Сонда ғана түлек қалыпты, позитивті жағдайда сынаққа дайындалып, жақсы нәтиже көрсете алуы мүмкін. Үрейлендірмей, қайта көңіліне сенім ұялатып, қолдау білдіріп, қолпаштау да маңызды. Оның қолынан келетіндігін, егер дайындалса, білімді болса, еш қорқыныш жоқ екендігін түсіндірген абзал. Қосымша сабақтарға қатыстырып, баланың дайындалуы үшін барлық жағдайды жасау маңызды,-дейді педагогика ғылымдарының докторы, Қазақ психологтар қауымдастығы Шымкент филиалының директоры Зәурет Қабылбекова.
Балаға үнемі мотивация беріп отыру да маңызды қадамдардың бірі. Өйткені, ҰБТ-ның қажеттілігін баланың өзі түсіну қажет. Позитивтік психо-эмоционалды қоршаған орта қалыптастыру да ата-ананың қолынан келетіні анық. Сонымен қатар, ата-ана баланы қадағалап, бірге дайындалса да, жақсы нәтиже берері сөзсіз. Тағы бір қателік, кейбір әке-шеше өз баласын өзгелермен салыстыруы. Өйткені әр баланың психофизиологиялық ерекшелігі, жете таным-түсінігі, білім дәрежесі әр түрлі болады. Кейде тіпті өздері жетпеген белесті баласына міндеттеп, не өз ұстанымдарын баланың бойына теліп қояды. Сондықтан ұл-қызыңыздың өз арманы мен мақсаты, жетер биігі бар екенін жадыңыздан шығармаған жөн.

Махаббат Абдешова

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *