ҚР Ұлттық Ұланының 6506 әскери бөлімі тыныштықты күзетеді

Қала тыныштығын сақтауда ҚР Ұлттық Ұланының 6506 әскери бөлімі сарбаздарының қосып жүрген үлесі көп. Еліміздің Ішкі әскерлері 2014 жылдың 21 сәуірінде Елбасы Жарлығымен ҚР Ұлттық ұланы болып қайта құрылды. Осыған орай, 6506 әскери бөлімі ҚР Ұлттық Ұланының 6506 әскери бөлімі деп қайта құрылды. Жүктелетін міндет аясы да кеңейтілді. Бұған дейін Ішкі әскер құрамы мемлекеттегі құқықтық тәртіпті күзететін, стратегиялық маңызды нысандарды қорғайтын әскер күші болып есептеліп келді. Енді төтенше жағдай кезінде құтқару шарасын тікелей жүзеге асыру, шекара қызметшілерімен тығыз байланыста жұмыс істеу де аталмыш бөлім атқаратын көп міндеттің біріне айналды.

 

Осы жылы әскери бөлімге Республикамыздың түкпір-түкпірінен Отан алдындағы міндетін атқаруға 500-ге жуық сарбаз келген. Оларды бір ай бойына зерттеп, қабілет-қарымы, оқып жатқан немесе оқыған мамандығына қарай әр түрлі бөлімшелерге, батальондарға бөледі.

Атап айтқанда:
Жедел мақсаттағы батальон. Мұнда түскен сарбаздар Шымкенттің төрт ауданының тыныштығын және қауіпсіздігін қадағалайды. Көбіміз кешкі уақытта жол бойында 3-4 адамнан құралған топ-топ сарбаздарды көреміз. Міне осы сарбаздар өздеріне белгіленіп берілген бағыттар бойынша қала тыныштығын қадағалайды.

Артилериялық-зениттік дивизион. Мұнда соғыс уақытында шекараны күзету дағдыларына үйретеді.

Жауынгерлік қамту ротасы. Барлаушыларды және жарылғыш заттармен жұмыс жасайтын сарбаздарды оқытады. Қозғалыс реттеушісі және коменданттық қызмет бойынша да осы бөлімше жауап береді.

Материалдық қамтамасыз ету. Барлық техникамен, техникалық-құрал жабдықтарға жауап беретін, олармен жұмыс жасай алатын сарбаздар жиналады.

Нұрлан ШЕГЕБАЕВ, подполковник, ҚР Ұлттық Ұланының 6506 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы:
Әскери міндетін өтеу – әрбір қазақстанддық азаматтың борышы. Біздің ұландар жай күндері де, мейрам кездерінде де еліміздің тыныштығы үшін еңбектеніп жүр. Және біз де өз кезегімізде берілген бір жылдың ішінде қатардағы жауынгерлерді әскери өмірді қыр-сырымен таныстырып, қызметпен жақын танысуға мүмкіндік береміз. Сарбаздар халықтың қауіпсіздігіне жауап беріп жүрсе, олардың тыныштығы мен қауіпсіздігі толығымен біздің мойнымызда. Бір қуантатыны, әскери борышын өтеуге ниетті жастарымыздың қатарының өскені. Себебі біраз уақыт бұрын азаматтарымызды әскерге шақырып әлек болатынбыз, ал қазір оның қажеті жоқ. Олар өздері сұранып тұрады, мысалы осы жылы біздің бөлімде жас сарбаздарға бөлінген орындар лық толы.

Алдағы 1 жыл бойы жас сарбаздар өздеріне айтылған бөлімде міндетін атқарады. Басқа қаладағы әскери бөлімдермен тәжірибе алмасу үшін жаңадан келген 500 жас сарбаздың бір бөлігі екі айға Алматы облысы, Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөліміне жіберіледі. Әскери борышын өтеуге келген азаматтарда бос уақыт көп бола бермейді.

Десе де, бір сәтке болса да өздерінің көңілі қалаған нәрсемен айналысуға мүмкіндіктер жасалған. Мысалы, бөлімнің арнайы кітапханасы, спорт шараларға арналған залы бар. Өзара жайдарман ойындарын өткізіп тұруды да ұмыт қалдырмайды. Әр жексенбі сайын психологиялық сағат өтіп тұрады.

Әлия ӘДІЛБЕК

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *