Қайсар Еркін: «Шағын аристонның шығыны аз болады»

Қайсар Еркін – Қытайдан келген қандасымыз. Жастайынан физика, химия, математика пәндерін жақсы оқып, осы пәндерді тереңдетіп оқыған жігіт бүгінде Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде білім алады.

Жоғары оқу орнына емтихансыз қабылданған ол инженерия факультетінің студенті. Қайсар қатарластары арасында өнертапқыштығымен көзге түсіп жүр. Ол күнделікті тұрмысқа қажетті аристон су жылытқышының шағын үлгісін жасап шығарды. Бүгінде 25 жасқа келген өнертапқыштың өзі ойлап тапқан басқа да қондырғылары бар екен. Осынау ізденімпаз қандасымызбен сұхбаттасудың орайы түсті.

Қайсар Еркін

Қайсар Еркін

«Бәрі де 10 сыныпта оқып жүрген кезде бас-талды» деп еске алады ізденімпаз жігіт. Мектеп қабырғасында жүргенде қатарластарының бірі жаңадан құрылғы ойлап тауыпты. Бұл жаңалық Қайсарға да ой салады. Сыныптасының өз бетінше ізденіп, өнертапқыштық қабілет-қарымы бары қызықтырыпты. Оның үстіне ұстазы да «Қайсар, сыныптасың секілді сен де бір нәрсені ойлап тап! Сенің олардан қай жерің кем?» деп қамшылаған. Осының бәрі жас өнертапқышқа қанат бітіріп, ол «күнделікті тұрмыста үнемді әрі пайдасы бар құрылғыны жасап шығардым», – дейді.

– Үйде қолымды жуып тұрдым. Сонда судың салқын болғаны көңіліме жақпады. Ал оны жылыту үшін арис-тон мен біраз уақыт қажет. Сол кезде «неге осы аристонның жұмысын жеңілдететін, болмаса алмастыратын құрылғыны ойлап таппасқа» деген ой келді. Ойымды дамытқым келіп, біраз іздендім. Су жылытқыштың құрылысын зерттей түстім. Ақыр соңында ерекше үлгідегі шағын аристон жасап шығардым. Бұл жаңалығыммен Қытайдың Құлжа ауданындағы әкімшілік қызметкерлерімен бөлістім. Себебі кең көлемде қолданысқа енгізу үшін биліктің көмегі қажет болды. Сөйтіп жылытқыштың үлгісін көрсеттім. Өз қолыммен жасалған құрылғының тиімділігін түсіндіруге тырыстым. Мәселен, шағын аристонға қарағанда кәдімгі аристон энергияны көптеп жейді. Өйткені, ол тәулік бойы қосылып тұрады. Ал, шағын аристонды қолданатын кезде ғана қосып, қалған уақытта тоқ көзінен ажыратып қоюға болады. Суды тоқтатқан кезде тоқ көзі де автоматты түрде үзіледі. Бағасы да қолжетімді. Құрылғыны құрастыру үшін небәрі 6 000 теңге жұмсалады. Осының бәрін түсіндірген соң әкімдіктегілер біршама қолдау көрсетті. Құрылғыны заңдастырып, патент алуға қол ұшын берді.
Жалпы Қытайдағы ЖОО-дарына өздігінен жаңалық ашқан жастар ғана оқуға қабылданады. Алайда, мен өз отанымда білім алуды армандадым. Мектепті тәмамдаған соң, 2010 жылы Қазақстанға дайындық курсына келдім. Өкінішке орай, оқуға түсе алмай, қайта Қытайға оралдым. Үйде қол қусырып жатпастан, тағы бір жаңалық аштым. Яғни, жеңіл көліктің артқы жүк салғышына орнатылатын амортизатор ойлап таптым. Оның ерекшелігі, неғұрлым жүк көп салынса, көліктің артқы жағына түсетін салмақты көтеріп тастайды. Бұл амортизатормен көлік дөңгелектеріне жел беруге де болады. Сондай-ақ кір жуғыш машина арқылы душтың суын жылытып, шомылуға болатын құрылғыны да жасадым. Мәселен, қазіргі киім жуатын машиналар автоматты түрде суды жылытып, содан соң қызметін атқарады ғой. Осы жылуды пайдаланып, тағы бір қосымша қызмет түрін жүзеге асыруға болатынын көрсеткім келді. Яғни, ол машинада екі целиндр орнатылады. Оның бірі – кір жуса, екіншісі – суды жылытып, душқа береді. Душқа берілетін бөлігіндегі құбырлардан таза күйінде алынып, шомылуға болады. Десе де бұл жобалар әзірге қолдау таба қоймады.
Бір жыл өткен соң, дайындық курсына қайта тапсырып, оқуға түстім. Бүгінде университеттің инженер мамандығының қыр-сырын оқып, үйреніп жатырмын, — дейді өнертапқыш.

Қайсар Еркін

Университеттің вице-президенті Талжан Райымбердиев болса Қайсардың шағын аристонын ерекше бағалап, оны іске асыруға көмек көрсетіпті. Қандасымыз сондай-ақ «Айтуға оңай» бағдарламасына қатысып, өзінің ойлап тапқан дүниесін көпшілікпен бөліскен. Бағдарлама барысында көрермендер арасынан шағын аристонға деген қызығушылық танытқандар да табылған. Яғни демеушілер хабарласып, олардың көмегімен шағын аристонның 1000 данасы шығарылыпты.
Кейіпкеріміз өзінің жасап шығарған құрылғыларын Түркістан қалалық әкімдігінің басшыларына көрсетіп, алдағы жоспарларымен бөліскен.

Нәтижесінде көне шаһардың атқамінерлері мен жастар орталығының өкілдері өнертапқыш жігітке қолдау көрсететінін жеткізген. Енді Қайсар Қазақстан азаматтығын алып, қолға алған жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырсам деп отыр. Сондай-ақ, жас өнертапқыш алдағы уақытта ұсыныстар түсетін болса, кез-келген адамның талғамы бойынша түрлі құрылғыларды құрастырып беруге қабілеті жететінін айтады.

Лаура Сапарбекова

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *