Қалай сенің халің бүгін, табылды ма қалыңдығың?

Махаббат… Отбасы… Байлық… Мансап… Сіздіңше бұл ұғымдар бір-бірімен қаншалықты байланысты? Байланыстырып көрейік. Бірақ есептен жаңылмаңыз. Есеп демекші, қазір тұрмысқа шыққаныңыз да, оқып-шоқығаныңыз да, қызмет те, байлық та есеппен. 

Айтқым келгені, бүгінгі жастар отбасы құрудың жоспарын алдын-ала жасайтын көрінеді. Кәрі қыздар көп дейміз. Олардың көбі жоғары білімді, басында қызметі, тіпті жеке көлігі мен пәтері де бар. Өйткені жеке өміріне уақыты бола бермейтіндердің басым бөлігі карьера мен ақша табудың соңына түскендер. Демек мұндай бойжеткендер теңін таппай жүр деген сөз. Бұл тура мағынасында әрине. Болашақ жарының басындағы миы мен қалтасындағы ақшасы өзіне сай келуі керек. Тіпті, қарапайым қыздар да бақуат жігітті құрығына түсіріп, балқып-шалқып өмір сүргісі келеді. Бірі дала десе, бірі қала дейді. Қайда тұрғысы келетініне дейін алдын-ала шешіп қойған. Ал махаббат ше? Сонда сезім, адамгершілік, сыйластық сынды адам бойындағы асыл қасиеттердің жоғалып бара жатқандығы ма? Отбасын құрған соң, махаббат, сезім, сүйіспеншілік, бәрі де жайына қалады деп ойлайды олар. Иә, дәл солай. Мүмкін, қазіргі қоғамдағы түсінік соған саятын болар. Бірақ, есептің де түр-түрі бар екенін естен шығармайық. Айтпақшы, бұл мәселе тек бойжеткендерге ғана қатысты десек қателесеміз. Жігіттер жағы да қазір есепке жүйрік. Байдың қызына үйленіп, дайын креслоға отыра салғысы келетіндері көп. Көпке топырақ шашудан аулақпыз әрине. Дегенмен, осындай мақсатты көздегендерді жиі ұшыратамыз. Ендеше, есеппен үйленудің соңы не болмақ? Сезім болмаған жерде бақытты отбасын құру мүмкін бе? Дұрысы, осы сұрақтарды көпшіліктің талқысына салып көрейік.

Жанар Алиханқызы, қала тұрғыны, (тұрмыс құрмаған):

Жанар 1

— Есеппен отбасын құру дегенді тек лауазымы мен байлықты алға тарту деп түсінген дұрыс емес. Оның рухани байлығы да сенімен сай келуі керек. Мысалы, екінші жартымды таңдауда менің де өзіндік қалауым бар. Өзім жоғары білімді болған соң, менің болашақ жарым да оқыған, басында жұмысы бар азамат болғанын қалаймын. Жігіттерді тек сыртқы келбетіне қарап ұнататындардың қатарынан емеспін. Меніңше, оның жан сұлулығы мен тән сұлулығы бір-біріне үйлесіп тұруы қажет. Дегенмен, жағдайы керемет екен деп ұсқынсыз біреудің етегіне жармасатын да ойым жоқ.

Мықтыбек Оразтайұлы, ақын, блогер:

мықтыбек оразтайұлы— Есеппен отбасын құру дегенге өз басым қарсымын. Өйткені олай құрылған шаңырақтың ғұмыры келте болуы мүмкін. Байлық пен дүние мәңгілік емес, «бай бір жұттық» демекші кез келген сәтте барыңнан айырылып қалуың ғажап емес. Міне, осындай жағдайда ешбір сезімсіз, махаббатсыз үйленген екі жас бір-біріне демеу бола алмайды. Дүниені бәріміз де жақсы көреміз, бірақ, шаңырақ көтеруге келгенде дәл ондай қадамға бармаған дұрыс. Мұндай жастарды адамгершіліктен гөрі дүниені жоғары санайтындар дер едім. Дайынға тап болмай, екеуі бірлесіп қызмет жасап, дүние жинауға болады.

Диана Сейсенова, психолог:

Диана сейсенова— Отбасын құру идеясы екi адамның бiр-бiрiне деген сүйiспеншiлiгiнен пайда болатын нәрсе. Яғни, екі жастың басын біріктіретін — махаббат. Жанұя болған соң барлық жағдай болып жатады. Бір-бірін шын сүйіп қосылған жандар қашанда барға да жоққа да қанағат ете біледі. Ал, шынайы сезімсіз құрылған шаңырақта мұндайда ұрыс-жанжал мен түсініспеушілік орын алады. Бай жігітке тұрмысқа шыққан қыздар жүрексіз қуыршаққа айналуы мүмкін. Бәрі бар, бірақ махаббат жоқ. Қалталы жігіттердің оңды-солды қыдыруы да көп болады. Бұл ажырасуға әкеп соғатын факторлардың бірі. «Махаббатсыз дүние бос» деп Абай атамыз жырлағандай, махаббат — мәңгі. Отбасын құрған соң, сезім деген жайына қалады деп ойлау бос сөз. Керісінше, уақыт өткен сайын махаббат та тамырлана береді. Тек сүйген жарыңа ғана емес, балаларыңа деген махаббат та отбасының беріктігін қамтамасыз ете бастайды. Қазіргі қаракөздеріміздің уақытша байлыққа, әдемі өмірге қызығып, соңында бармақ тістеп қалмауларын қалар едім.

Айдос Әуезханұлы, студент:

Айдос  (2)
— «Тең теңімен, тезек қабымен» деп негізі бекер айтылмаған. Әркім өзінің теңін тапқаны дұрыс. Болашақ жарымның не өзімнен бақуат, не тым кедей болғанын қаламаймын. Мұндай теңсіздіктің соңы түсініспеушілікке әкеп соғады. Менің пайымдауымша, есеппен үйлену деген осы. Бірақ, ол қыз менің жүрегімнен орын алса ғана. Яғни, арамызда сезім мен махаббат болуы шарт. Байдың қызына үйленгендердің көбі «күшік күйеу» болып жүр. Бұл жігітке жарасатын қылық емес. Әрбір азамат өз арқанын өзі сүйреп, өзінің бейнетімен отбасының берекесін келтіріп отырған дұрыс. Өз сүйген адамыңа қол жеткізіп, үйленудің өзі бір бақыт емес пе?
Сауалнаманы жүргізген — Гүлнұр Сәтбаева

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *