«Оқушыға мұғалімнен гөрі тәлімгер жақын»

11111111111

Эльвира Тәжиева

 Облысымызда небір білікті әрі тәжірибесі мол тәлімгерлер бар. Олардың арасынан оқ бойы озып шығып, үздік атану – мен үшін тосын жағдай болды. Оқушыларым аудандық, облыстық байқауларда жеңімпаз атанып жүр. Сондай-ақ, 2014 жылы аудандық «Үздік тәлімгер» байқауында жеңімпаз болдым. Міне, бұл жеңісім еңбектің арқасы дер едім.

– «Үздік тәлімгер-2014» байқауы туралы кеңінен айта кетші. Дода қалай өтті? Қандай талаптар қойылды?

– Ауданда 45 мектеп болатын болса, барлық білім ұясынан қатысқан үміткерлердің тек 15-і ақтық сынға жолдама алды. Байқау өзіндік қиыншылықтарымен есте қалды. Толқыныс, қорқыныш болды. Осы ретте сайыс-ты ұйымдастырушыларға мен секілді жас маманның мүмкіншіліктерін сарапқа сала отырып, өз ісіме деген қызығушылығымды әрмен қарай арттырғаны үшін алғыс айтқым келеді.

– Тәлімгерлік жолға қалай келдің? Жалақысы қандай?

– Бұл маман иесі болуды ата-анамның бағыт-бағдары бойынша таңдадым. Алғашында мұғалім болғым келмеді. Оқуды тәмамдап, еңбек ете бастаған соң білім саласында еңбек етудің, соның ішінде балалармен жұмыс жасаудың өзіндік ерекшеліктері мен қызықтары бар екеніне көзім жетті. Тәлімгердің жалақысына келсем, аса көп емес. Бастысы, мамандығым өзіме ұнайды. Демалыс болған сәтте оқушыларымды кәдімгідей сағынамын. Бұның бәрі тәлімгерлік еңбекке деген сүйіспеншіліктің арқасы болса керек.

– Оқушыға мұғалімге қарағанда тәлімгер жақын деп жатады. Сен мұнымен келісесің бе?

– Әрине, келісемін. Өйткені мұғалімдер 45 минут сабағын өтіп кетсе, тәлімгер күн сайын оқушының қасынан табылып, олардың қызығымен қатар қайғысымен, жеткен жетістіктерімен бірге бөлісіп жүреді. Жан дүниесін түсінуге тырысады. Міне, оқушыға мұғалімнен гөрі тәлімгер жақын деген пікір содан айтылса керек.

– Туып-өскен жерің, білім алған оқу орның туралы айта отырсаң…

– Небір ғұлама азаматтар туып-өскен өңір Отырар ауданында дүние келдім. Осындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясында білім алдым. Облыс орталығы Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын алып шықтым.

– Бүгінде мемлекет жастардың сапалы білім алып, жұмыс жасауына, өз мақсаттарына қол жеткізуіне қолдау көрсетіп жатқаны белгілі. Осы ретте сұрағым келіп отырғаны, көрсетілетін қолдау замандастарыңның бәріне бірдей, соның ішінде шалғай аймақта тұратындарға қолжетімді ме?

– Жұмыс істеймін, білім аламын деген жас үшін еліміз барлық жағдайды жасап берді. Керек десең, қаржылай көмек көрсетіп келеді. Қазір түрлі бағдарламалар қабылдануда. Қолдау тапқан жастар көп. Қала не даланың баласы деп бөле-жарып жатқан жоқ. Бастысы, мүмкіншілікті дұрыс пайдалана білсең болғаны.

– Өзіңе мемлекеттік көмектің шарапаты тиді ме?

– Ешқандай көмек алған емеспін. Бірақ көмек алған достарым, таныстарым өте көп. Соның ішінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмыс істеп жатқан құрбыларым бар.

– Бала тәрбиесімен айналысып келесің. Нешінші сынып оқушыларына тәлімгерлік етудесің? Тағы бір сұрақ, аға буын өкілдері бүгінгі заман баласына қатысты көптеген сын айтуда. Әсіресе көбінің тәрбиесіне көңілі толмайды. Тәлімгер ретінде алып-қосарың бар ма?

– Мен жоғары сынып оқушыларына, нақтырақ айтқанда, 11 сыныпқа жетекшілік етудемін. Ал тәрбиеге қатысты сыни көзқарастың бар екені рас. Бірақ бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды. Тәрбиелі, білімді балалар да аз емес. Ал адасып жүргендердің дұрыс бағытқа түсуіне себепші болу — тек тәлімгер не ата-ананың емес, баршаның міндеті.

– Жалпы бұл мамандықтың өзге сала мамандарынан ерекшелігі мен қиындығы неде?

– Кез келген маман иесі мұғалімнің білімін, тәлімгердің тәрбиесін алады. Бұл екі мамандық тек білім беріп қана қоймай, адамды адам етіп қалыптас-тырады. Ақының да, әкімің де мектеп атты ұяның түлеп ұшқан түлектері. Елдің ертеңі болып табылатын жас ұрпақпен жұмыс жасау оңай емес. Кейде өз үйін, бала-шағасын шетке ысырып, күндіз-түні мектепте жүруге тура келетін сәттер кездеседі. Өйткені бала сапалы білім, тәлімді тәрбие алуы қажет.

– Сеніңше жастар арасында қай мамандық жоғары сұранысқа ие?

– Жасыратыны жоқ, жастардың көбі заңгер, дәрігер, есепші болғысы келеді. Оның себебін өзіңіз де сезіп отырған шығарсыз. Яғни, жастар сол мамандықтарды таңдасақ, қызметтік баспалдақта жоғарылауға көп мүмкіншілік туады, қаржылай таршылық көрмейміз деп ойлайды. Алайда мен оны қате пікір деп түсінемін. Мәселе мамандықта емес, біліктілікте. Қазір арамызда қос-қос дипломы бар қаншама маман екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр. Олардың көбі кезінде әйтеуір елден қалмай сол заңгерлікті, есепшілікті оқыды.

– Бүгінгі жастар неге қызығады?

– Өздеріңіз білетіндей, қазір жаңа технология заманы. Интернетсіз өмірді елестету мүмкін болмай қалды. Бүгінгі заман жастарының басты қызығушылығы осы ғаламтор дер едім. Соның ішінде түрлі әлеуметтік желілер жастардың виртуалды бас қосатын мекеніне айналды. Мұны өз басым қолдаймын. Ақпаратты жылдам алу, түрлі тақырыптарда пікір алмасу… Айта берсем, әлеуметтік желілердің пайдасы бар. Пайдасымен қатар зияны да тиетін сәттері жоқ емес.

Негізі жастарға қарап түңіле берудің қажеті жоқ. Оларға үміт артуға болады. Олардың арасында елінің, жерінің болашағына алаңдайтын, елдің дамуына титтей болса да өз үлесін қосуға дайын тұратын жастар баршылық.

– Сұхбатыңа рахмет!

Әңгімелескен – Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат» газетінің «Тоқтама» қосымшасы. №2, 14.01.2015

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *