Нұрым Досболов, «Байдың балалары» командасының капитаны: «КТК өмірімді өзгертті…»

Нұрым Досболов

Нұрым Досболов

– Команданың атауын не үшін «Байдың балалары» деп қойғансыңдар?

– Кез-келген команданың атауына байланысты стилі, ұстанып отырған бағыты болады. Біз команданың атауы ерекше болғанын қа

ладық. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің статусы мен команданың да статусын жоғары көтерейік деген мақсатта қойдық. «Кеменің басы қалай болса, аяғы да солай болады» дейді ғой. Өзіміздің рухани әрі мәдени бай екенімізді көрсеткіміз келді.

– Командаға жігіттер жинауда көбіне неге көңіл бөлесің? «Жайдарманшының» бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Ең бірінші тәртіп болу қажет. Кез-келген адамды қазбалап, кішкене қозғау салсаң, өн бойындағы жасырынып жатқан өнері шығады. Бірақ, тәртіп болмай ешнәрсе болмайды. Бір-біріне деген сыйластық, командаға деген жанашырлық, одан кейін әрине білім мен ізденіс қажет. Ойлауы мүмкін, жайдарманшылар секең-секең етіп жүреді, жеңіл әзілге құмар деп. Олай ойласа қатты қателеседі. Біз де газет оқимыз, жаңалықтар қараймыз. Қоғамда не мәселе өзекті болып жатқанын, біліп жүруге тырысамыз және ойын барысында оны көрсетеміз. Одан бөлек, командаға өмірге жайдары, үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүретін, мұңаймайтын, дайындық барысында өзін көрсете алатын ойыншыларды аламыз. Қысқасы, ойыншының бойында ең бірінші тәртіп, білім, ізденіс болуы керек.

– Жалпы, Оңтүстік өнерпаздар мен әзілге бай өлке. Облыста КТК командаларының көп болғаны дұрыс па?

– Негізі қазақша «КВН»-нің темірқазығын қаққан – осы Шымкент. Қазақша «КВН»-ді 1999-2000 жылдары Оңтүстік өлкесінің тумалары бастаған. Бүгінде«Жайдарманның» 10-15 жылдық тарихы бар. Оның басында Есен Елеукен, Сейітжан Асилов, «Нысана» театрының әртістері Дәнекер Оразбай секілді ағаларымыз тұр. Көбісі ойлауы мүмкін, батыстар мықты болып кетті, Шымкенттің «жайдарманшылары» әлсіреп кетті деп. Жоқ, қателеседі. Ол бір кезең ғой. Мысалы, бір кездері қызанақтың дәуірі болса, бірде қарбыздың дәуірі болатын кез. Сол айтпақшы, Шымкенттің «квнщиктері» ешуақытта нашар болмаған. Өзіңіз айтқандай, Оңтүстік — өнер ордасы. Іргетасымыз мықты болғандықтан сол бағытты ұстанып келе жатырмыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ал, командалардың саны көп болсын, аз болсын мейлі, бас-тысы сапалы болғаны дұрыс.

– Жалпы, қазақ жастарына «КТК» не береді?

– Мен өзім де жаспын. Жеке өзімді айтар болсам, КТК өмірімді көп өзгертті. Көп нәрсені үйрендік, эфирге шығып жатырмыз. Еліміздің басқа өңірлерінен қаншама дос таптық. Былайша айтқанда, «Жайдарман» – үлкен мектеп. Осы «КТК»-ға келмегенімде өмірім мұндай болмас па еді деп те ойлаймын. «Жайдарман» арқылы бір-бірімен отбасын құрып, дос тауып, тіпті осы арқылы театр құрып, танылып жатқандар да бар. Кейбір замандастарым шылым шегіп, сыра ішіп, уақытын құр босқа өткізіп жатады. Одан да «Жайдарманның» айналасында жүрген жақсы деп ойлаймын. Себебі, «Жайдарман» — жастық шақта таптырмайтын ең күшті студенттік ойын.

39-037

– Осыдан 10-15 жыл бұрын қазіргі смартфон, айфон сияқты технологиялық жетістіктер жоқ болатын. Ғаламтордың өзі қолжетімді емес еді. Ал қазіргі жастарға қандай проблема өзекті?

– Қазіргі жастардың бас ауруы ғаламторда «неге мен аз лайк жинаймын?» деу ғана. Бары сол. Студенттер сабағын оқып, әке-шешесінің айтқанын тыңдап, бір-бірімен дұрыс жүрсе, басқа ешқандай мәселе жоқ.

– Қай облыстың КТК командаларын мықты қарсылас деп есептейсіңдер?

– Ешқандай команданы қарсылас деп қарамаймыз және ешқандай команданы әлсіз деп қабылдамаймыз. Өзіміздің ұстанымымыз солай. Біздің жетекшіміз марқұм Зұлыпхар Баймұрза деген кісі бізді қайсар, жігерлі болуға үйретті. Айтады ғой, «қарсыласыңды мықты деп те таныма, нашар деп те таныма». Біздің қарсыласымыз өзіміз. Өзіміз жақсы болсақ, барлығын жеңеміз. Өзіңіз айтпақшы, қазір ғаламтор қолжетімді болғандықтан барлық өңірдің командалары көп ізденеді. Бірақ, біз ешкімнен қорықпаймыз.

Ал осы кезде…

26-27 қыркүйек күні Астана қаласында өткен «Жайдарман» республикалық Премьер лигасына Шымкент қаласынан қатысқан «Байдың балалары» командасы жартылай финалға өтті.

Жансая Сыдықбай

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *