Несие аларда алданып қалма!

2c4838f947e7b6ed23e7898cae66Бүгінгі жас астына көлік мініп, қолына су жаңа «Айфон» ұстағысы келеді. Әрине, бәрі бірдей ауқатты отбасылардың балалары емес. Бірақ, қатарынан қалғысы жоқ. Оны алудың бір ғана жолы бар. Ол ― несие алу.

Несие мәселені шешуде көмекші болып көрінгенімен оның да қайтарымы бар екенін ұмытпаған абзал. Соның ішінде алған несиеңіздің пайызы тым жоғары болса, қалтаңыз қағылды дей беріңіз. Күліп кіретін қарыздың жылап шығатыны әу бастан белгілі. Осыны көп жағдайда естен шығарып алатынымыз бар. Бірақ, несиені амалсыздан алуға баруға тура келетін жәйттер болады. Олай болса, біз сізге несие алуда алданып қалмаудың жолын айтайық.

— Несие алу туралы шешім қабылдадыңыз ба? Алдымен оның пайыздық мөлшерімен танысып шығыңыз. Қазір несиеге онлайн тапсырыс беру кеңінен етек жаюда. Бұл әдісті сіз де қолданып көріңіз. Есесіне бірқатар банктердің пайыздық мөлшерімен, талаптарымен үйіңізде отырып-ақ таныса аласыз;
— Несие аларда алдымен келісімшартпен мұқият танысып шығыңыз. Көбіне несие алушылар бөлімшеде отырып келісімшартпен толықтай танысуға уақыттың тапшы екенін айтады. Бұл проблема емес. Банктердің ресми сайттарында оның мәтіні толықтай жарияланған;
— Егер келісімшарт мәтіні түсініксіз болса, банк қызметкерінен сұрауға толықтай құқыңыз бар;
— Басты назарды несиенің толық сомасына аударыңыз. Ол келісім-шартта көрсетілуі тиіс;
— Келісімшартта несиені мерзімінен бұрын жабуға болатын пункті болғанын талап етіңіз. Әйтпесе несиеңізді ерте жабатын болсаңыз, банк тарапы қосымша төлем алуы мүмкін;
— Несиені сақтандыру мөлшерінің жылдық пайызы 1,5 пайыздан артық болмау керек;
— Банктің қарыз шартында көрсетілмеген комиссияны алуына құқығы жоқ;
— Келісімшарттағы әріп көлеміне мән беріңіз. Қазақстандағы коммерциялық банктер мемлекет тарапынан Ұлттық банк арқылы қатаң қадағаланады. Банк қарызы шартының барлық мәтіні тек 12 өлшеммен жазылуы керек;
— Несиені төлеу талаптарына мән беріңіз. Бүгінде көп банктер онлайн-төлем жүйесін енгізген. Оның талаптарымен танысыңыз.

Артық болмас білгенің…
Тұтыну несиесі – тұтыну тауарлары немесе қызметтерді алу үшін берілетін несие түрі. Тұтыну несиесі бір жолғы өтеу немесе мерзімі ұзартылған төлем түрінде ресімделеді. Экономист мамандардың айтуынша несиенің бұл түрі халық үшін тиімдірек. Және де сіз қандай да бір затты алғыңыз келіп, қаражатыңызды жинаймын дегенше, тауар қымбаттап кетуі мүмкін. Ал несиемен дер кезінде ала аласыз. Көбіне артық төлемсіз, бөліп-бөліп төлеуге мүмкіндік бар. Тек мерзімді созатын болсаңыз, сақтандыру үшін артық қаржы төлейсіз. Бұл кезде де келісімшартпен мұқият танысып шығуды ұмытпаған абзал. Бірінші кезекте алғалы отырған тауарыңыздың қажеттілігін асықпай ой-елегінен өткізіп алыңыз.

vob6I8jKrYo

Дінмұхамед Жақыпбеков,

экономика ғылымдарының кандидаты, доцент: 
«Несие алу кезінде келесідей негізгі мәселелерге көңіл аударған жөн:
1. Пайыз ставкасының деңгейі. Яғни, өсім ақысы.
2. Пайыз ставкасы өсімінің қарастырылуы (жылдық немесе жылына). Жылдық ставка әр төлемнің нәтижесінде өзгеріске (қалдық соммасына сәйкес) ұшырайды, ал жылына төлейтін ставка белгіленген мөлшерге сәйкес
өзгермейді.
3. Жасырын жарналардың (комиссиялық төлемдер) болуы. Әр түрлі банктер үстеме табыс көздерін немесе пайыздық ставканың бір бөлігін жасырын жарналарға жібереді. Мысалы, шот ашуға қаржы төлеу, кепілдемеге ақша төлеу, шоттың жұмысын жүргізуге қосымша төлемдер, несие берілуі үшін түсініксіз мамандарға қаржы төлеу және тағы сол сияқты.
4. Кей банктер несиеңізді алдын ала төлегендігіңіз үшін айыппұл салдыруы мүмкін немесе өсім ақының толық мөлшерлемесін төлетуі мүмкін.
5. Несиені беру шешімінің шығу уақытының ұзақтығы. Неғұрлым шешім тез шықса, соғұрлым тиімді.
6. Клиентке қарым қатынас және сервис. Несие алушы адам банкке қарыз сұрап бармайды. Ол банктің жағдайын жасауға барады. Банк несие алушылардың, сонымен қатар басқа да клиенттерінің арқасында өз әл-ауқатын жоғарылатады. Несие алу келісімшартын жасасу кезінде жоғарыдағы мәселелерге мұқият
қарап, банктер арасындағы салыстырмалы ерекшеліктерді анықтау арқасында ең тиімді ұсынысты қабылдаңыз».

ҚАРЫЗДЫ ДЕР КЕЗІНДЕ ТӨЛЕМЕСЕҢІЗ… 
Сонымен, несиені алдыңыз делік. Алған қаржыңызды игілігіңізге жараттыңыз не тауарыңызды рахатыңызға пайдаланып келесіз. Енді несиені төлеу мерзімі жақындап қалды. Бір ай, екі, үш ай кешіктірмей төледіңіз. Төртінші ай дегенде белгілі себептерге байланысты қарызыңызды төлеуге мүмкіндік болмады. Келесі айда да ақшаның реті келмеді. Үшінші айда да солай қайталануы мүмкін. «Өзгелер де несиесінен құтыла алмай жүр. Банк не істей алады дейсің…» деген пікірмен қолында қаржысы болса да банктен жалтарып жүргендер де бар. Ұялы телефонына хабарласса тұтқасын көтермейді, үйіне хабарласса «жоқ» деп айтқызады. Осылайша бірнеше ай өте шығады. Бірақ, қарыз алған соң қайтару керек. Банк ешқашан да сізге есесін жібермейді. Несие алмай тұрып түзілген келісімшарт жай қағаз емес, заң жүзінде рәсімделген. Егер төлемесеңіз ше? Бұл сұраққа жауапты «forbes.kz» сайты жариялапты. Онда елдегі банктердің бірінде баспасөз хатшы болып қызмет ететін Ербол Азанбек төмендегіше кеңес берген.
1. Несиені дер кезінде төлемесеңіз тарихыңыз бүлінеді. Сіздің нашар клиент екеніңіз туралы ақпарат өзге банктерге жіберіледі;
2. Несие кепілдікпен болса, сот арқылы немесе сотқа дейін-ақ кепілзатыңыз сатылады;
3. Қарыз алушы шетелге шыға алмайды. Сізді әуежайдан ары қарай аттатпайды. Бұл тек несие төлемеген кезде ғана емес, алиментке де қатысты;
4. Әрі сіздің қарызды қайтармай жүргеніңіз туралы ақпарат жұмыс берушіңізге, кәсіпкер болсаңыз бизнестегі серіктестеріңізге жетуі мүмкін;
5. Егер несиені қайтара алмауға лайықты себептер болса ше? Мысалы, денсаулығыңыз жарамай қалды, жұмыстан шығарып жіберді, төлем жасауға мүмкіндігіңіз болмады. Не істеу керек? Банктерде де адамдар жұмыс істейді. Аса қиын жағдайларда олардың да ұсынатын шешімдері бар. Өз тарапыңыздан қаржылық жағдайыңыз бен төлем қабілетіңіздің нашарлағанын дәлелдейтін (еңбек келісімшарты, жұмыссыз екеніңізді анықтайтын құжат және т.б) құжаттарды дайындаңыз. Мұндай жағдайда сіздің пайдаңыз үшін шешім қабылдау жеңіл болады.
Ең қарапайым кеңес – несие алуға жауапкершілікпен келіңіз! Несие бойынша ай сайынғы төлем мен несие төленіп біткенше қаражатты қайдан аламын деген ой несие рәсімдеу үшін банктердің өнімдерін салыстырып, зерттеу кезінде келуі керек. Несие алуға тәуекелді тезірек несие алуға деген құштарлық жеңіп бара жатса, несиенің келеңсіздіктері міндетті түрде боларына сеніңіз.

Айтпақшы…

Егер клиент өз қарызын уақытында өтемесе, онда банк клиенттің басқа есепшоттарындағы ақша сомасын шығарып алуы мүмкін. Бірақ, бұл қадамға бару келісімшарттарда көрсетілген жағдайда ғана орындалады.
Несие аларда алданып қалма!

Сөздік:
Несие — белгіленген мерзім ішінде қайтарылатын пайыздық төлеу шартымен қаржылай немесе тауар түрінде берілетін қарыз түрі. Латын тілінен аударғанда сенемін, сенім білдіремін деген мағына береді.

 

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *