Маяқұмнан шыққан әнші Шоқан

8-toktamaОңтүстікте Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жастар арасында «Туған жерім — тірегім» атты патриоттық әндер байқауы өтті. Байқау Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туған жері Отырарда ұйымдастырылды. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және аудан әкімдігі мұрындық болған ән сайысында халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттарынан бөлек әр аудан, қалалардан 14 пен 29 жас аралығындағы 25 үміткер бағын сынады. Байқаудың бас жүлдесіне әділқазылар алқасы отырарлық Шохан Теңлібаевты лайықты деп тапты.

Байқаудың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ояту. Бұған қоса талантты жастардың, жергілікті сазгерлердің жаңа туындыларын халық арасында тарату арқылы мерейін өсіру де басты назарда. Екі кезеңнен тұрған байқауда қатысушылар бірінші кезекте тақырыпқа сай патриоттық әндер орындады. Екінші кезеңде Отан, ел, туған жер тақырыптарында жергілікті сазгерлердің шығармаларын шырқады. Талантты жастарды өңірімізге танымал өнер, мәдениет қайраткерлері мен халықаралық байқаулардың лауреаттарынан құралған қазылар алқасы анықтады. Нәтижесінде бірінші орынды шымкенттік Алмасқожа Мұсанбаев иеленсе, екінші орын Бәйдібек ауданынан келген Асан Сыдықовқа бұйырды. Жүлделі үшінші орынды Түлкібас ауданының тумасы Нұрлан Бегеев алды. Ал облыс әкімінің арнайы жүлдесін Шымкент қаласының тағы бір қатысушысы Әйгерім Тәжі иеленді. Ал байқаудың бас жүлдесін иеленген.

Шохан ән айтуды 13 жасынан бастаған екен.

Ол 1990 жылы 21 маусымда Отырар ауданы Маяқұм ауылында дүниеге келген. Шоқан Уәлиханов атындағы мектепті 2007 жылы тәмамдаған. 2009 жылы Шымкент қаласындағы Отырар институтына музыкалық білім мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2013 жылы дипломын қолына алған.

2016 жылы Республикалық «Арай» байқауында аудандық іріктеуден III орынды иеленіп, облыстық байқауға жолдама алады. Облыстағы байқаудан дипломат атанып, «Мәңгілік ел» атты облыстық патриоттық әндер байқауында ынталандыру сыйлығын иемденген. «Наурыз» дәстүрлі әндер байқауында жүлделі III орынға тұрақтаса, «Тұрар таланттары» фестивалінде II орын бұйырды. «Шаянға барсаң әншімін деме» байқауында III орын алған Шоқанның үлкен жеңісі осы «Туған жерім – тірегім» атты байқаудағы бас жүлде болып отыр. «Бәйгеге жүз ат қосса тек бірі ғана алға шығары елдің бәріне аян. Сол сияқты бұл бәйгеде менің бағым жанды» деген Шохан, Қуат Шілдебаевтың «Отан ана» және Сейдолла Бәйтерековтың «Қазақстан қыран далам» әндерін орындады.

shoxanШохан Теңлібаев, «Туған жерім тірегім» атты патриоттық әндер байқауының бас жүлдегері:
– Байқауға қатысушылардың барлығы жеңіс күтіп барады. Менің де жеңістен үмітім зор болды. Жақсы дайындалдым. Дегенмен «бас жүлде алам» деп күтпедім. Екінші немесе үшінші орындардан көрінетін шығармын деп ойладым. Біреулер ойлауы мүмкін «өз жері, өз сахнасы, әрине Шоқан алады, болмаса сатып алды» деп. Мен айтар едім ондай ештеңе болған жоқ, мен атым аталып сахнаға бас жүлде иегері деп шақырғанша ештеңе білмедім. Бас жүлде иегері болғанда өте қатты қуандым. Себебі мен күтпеген жеңіс болды. Музыкалық білім алып, осы салаға бет бұрғаннан кейін ән айтуды жалғастырамын. Отбасымның тарапынан да өнер жолын жалғастыруыма ешқандай қарсылық жоқ. Олар қайта қуанады. Қандай байқауға аттансам да ата-анам батасын беріп шығарып салады. Қазақта әдемі сөз бар ғой «Баласы сыртта жүріп көкпар тартса, ата-анасы үйде отырып тақым қысады» деген. Сол сияқты ата-анам да, аға-әпкем де үнемі тілеулес болып отырады. Өзім дәстүрлі әндерді көбірек орындаймын. Домбырамен ән салғанды жақсы көремін. Сондықтан өнер жолын ары қарай жалғастырамын. Айта кетер бір жәйт, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай патриоттық әндер байқауы облыста да, аудандарда да өтті. Менің ойымша патриоттық әндер жақсы насихатталып жатыр. Бұған дейін мұндай байқаулар бола бермейтін. 2016 жылы өте жақсы насихатталып жатыр. Бұл мені қуантады.

bolatБолат Жанәбіл, ОҚО Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы:
«Туған жерім – тірегім» атты байқау Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Патриоттық әндер байқауы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Жылда әртүрлі тақырыппен өткізіледі. Облыс деңгейіндегі көшпелі байқауларды тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудан, қалаларда да жиі өткізуіміз қажет. Осы мақсатта бұл байқауды Отырар ауданында өткізуді дұрыс көрдік. Біздің облысымыздың, жастары арасындағы ән байқауы, жыр додасы, ақындар айтысы сияқты іс-шараларды ауданарда да ұйымдастырылғанның өзіндік тиімді тұстары бар. Жастар бір-бірімен араласады. Бір ауданды екінші бір ауданның жастары көрмеген болуы мүмкін осы мақсатта және бастысы жастардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауларына септігін тигізеді деп ойлаймын. Байқау келесі жылы да жалғасын табатын болады.

8-ayjigit-2Айжігіт Асанов, әділқазылар алқасының мүшесі:
– Қазіргі таңда патриоттық әндер жетімсіреп терезеден сығалап жүрген кезде бұл байқау тың бастама болды. Мұндай байқауларды келер ұрпаққа, тұрмыс тіршілігімізге берер рухани азығы десек артық айтпаймыз. Әннің адамды туған жерге, елге деген патриоттық сезімге тәрбиелеуде үлкен идеологиялық мәні бар. Соны жандандырып жатқанына мен өте қуаныштымын. Қатысушылардың көбі әнді нақышына келтіріп орындап жатыр. Байқау болғаннан кейін көптің арасында әтеген-ай деген кездер де болады. Мүлдем дайындықсыз келген жастарымыз да бар. Дегенмен, қатысушылардың ешқайсысы жеңіліс таппайды. Ең бастысы жастардың 70-80 пайызы өте жақсы дайындықпен келген. Бұл байқау мұнымен тоқтап қалмай, жалғасын тапса жастардың отанға деген рухын тәрбиелеуге қосар үлесі зор болар еді.

Жанерке ХУМАР

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *