Кім, қайда оқиды?

31-030Алдағы аптада білім бәйгесінде оза шапқандар еліміздің белді жоғары оқу орындарында тегін білім алуға жолдама алады. Биылғы жылы 32 168 талапкер тегін білім алу мүмкіндігіне ие болмақ. Оның ішінде, 500 грант сырттай оқуға бөлініп отыр.

Бөлінген жалпы грант саны өткен жылға қарағанда 1997 орынға қысқарған. Ал бірінші, екінші дәрежелі мүгедектерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққандарға және оралмандар мен ауылдық жерде тұратын жастарға арналған пайыздық жеңілдіктер өзгеріссіз қалыпты.

Тегін білім алуға оқу ордасын таңдау үшін талапкер шілденің 31-не дейін тиісті құжаттарын тапсырды. Грантты жеңіп алу мәселесі байқауға байланысты болады. Әрі соңғы 3-4 жыл бұрын қабылданған ереже өзгеріссіз қалған. Ал, мемлекеттік грантқа қол жеткізгендердің есімдері тамыздың 10-ы күні белгілі болады.

Білім гранттарын тағайындау бойынша республикалық конкурстық комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін, білім гранты иегерлерінің тізімі: «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық газеттерінде, сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтында жарияланады. Мұнан соң, ақылы түрде оқуға ниетті жастардың өтініштерін қабылдау басталады.

Айта өтейік, биылғы жылы мемлекеттік грантты бөлуде сұранысқа ие мамандықтарға айрықша көңіл бөлініп отыр. Мәселен, көлік және көлік құрастыру, азық-түлік өндірісінің технологиясы, мұнай-газ химиясы, теміржол техникасын жасау және электрмен қамтамасыз ету, педагогикалық мамандықтарға басымдылық беріледі. Сонымен қатар, бидай, сүт, ет өнімі секілді еліміздің өркендеуіне үлесін қосатын ауылшаруашылығы саласына қатысты және суды үнемдеу технологиясы сияқты мамандықтарға да көбірек грант бөлініпті. Ал медицина мен ақпараттық технологиялар мамандықтарына грант аз бөлінген.

 

Ескеретін жәйттер бар!

Білім грантын тағайындау конкурсына қатысу кезінде қазақ бөлімі үшін қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәні, орыс бөлімі үшін орыс тілі, Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәнінің балдары ескеріледі.
Егер талапкер ҰБТ шеңберінде тапсырылған 5 пәннің біреуінен немесе ТКТ пәндерінің біреуінен 4 балдан төмен алса, онда ол білім гранттарын тағайындау конкурсына және ЖОО-ға ақылы бөлімге де жіберілмейді.

Айша Абдиллаева, талапкер:

– ҰБТ-дан орыс тілін есептегенде 89 балл жинап, ойдағыдай көрсеткішке қол жеткізе алмадым. Нәтижесінде, таңдаған ағылшын тілі мамандығына түспейтінімді түсіндім. Дегенмен, үмітімді үзбей, ата-анамның ақыл-кеңесіне құлақ асып, дизайнерлікті таңдадым. Өйткені, осы мамандыққа шығармашылық емтихан тапсыру арқылы оқуға түсуге болады екен. Осылайша шығармашылық емтихан арқылы орыс тілінсіз 95 балл жинап, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне құжат тапсырдым. Бұйыртса, грант негізінде оқитын боламын.

Конкурсқа өтініш беру барысында талапкер таңдау пәні сәйкес келген жағдайда 4 мамандық (шығармашылық мамандықтардан басқа) және төрт ЖОО-ны көрсете алады.

Шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер білім беру грантын алу конкурсына бір мамандық бойынша қатысады және тек шығармашылық емтихан тапсырған жоғары оқу орнын ғана көрсетеді.

Ақылы бөлімге кемінде 50, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін 70, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 65 балл, «Білім», «Ауылшаруашылығы ғылымдары» және «Ветеринария» бағыттарының мамандықтары тобы бойынша 60 балл, оның ішінде бейінді пән бойынша кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10 балл), ал қалған пәндер бойынша кемінде 4 балл жинау қажет.

Оңалбай Аяшев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры:

– Мамандарды дайындаудың ішкі мазмұнына, сапасына ерекше талап қоятын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты министрліктің лицензиялау талаптарынан шығып отыр. Сонымен қатар, оқу орны биылғы жылдың 2-9 сәуір аралығында Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігі жүргізген институционалдық және 23 мамандық бойынша мамандандырылған аккредиттеуден сәтті өтті. Нәтижесінде 5 жыл мерзімге, яғни 24.04.2020 жылға дейін ұзартылған куәлікке ие болды.

Жалпы, педагогикалық мамандықтарға 3 864 грант бөлінген болатын. Оның 220-сы институтқа берілді. Одан бөлек, талапкерлер біз дайындайтын 23 мамандық бойынша жалпы білім беру гранттарының конкурсына қатыса алады.

 

Білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініште талапкер таңдаған мамандық пен ЖОО-ны көрсетеді. Пәндері сәйкес келген жағдайда талапкер төрт мамандықты көрсете алады. Ал бір мамандық пен төрт ЖОО-ын көрсету – тиімсіз дейді жауаптылар.

Лаура Сапарбекова

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *