Келер жылы колледждерде тегін оқытады



Жұмысшы мамандықтарын колледждерде даярлайды. 2017 жылы колледж студенттерін біраз өзгерістер күтіп тұр. Жұмысшы мамандығын таңдаған  түлектердің барлығы тегін білім алады. Сонымен қатар,  шәкіртақы алуға және бір мезгіл тамақтану құқығына ие болады.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ержан Бұрхановтың айтуынша , ОҚО-да жыл сайын орта есеппен 23 мың түлек колледжде білім алуға ниет білдіреді. Әр жылы мемлекеттен тапсырыс бойынша оның 9 мыңы облыстық бюджеттен, ал қалған 14 мыңы ақылы негізде оқып келген. Енді 2017 жылдан бастап Елбасының тапсырмасына сәйкес кәсіптік және теxникалық білім тегін беріледі. Сондай-ақ, жұмысшы мамандығында оқитындардың барлығы бір мезгіл тегін тамақ пен шәкіртақы алады.

Бұл Білім туралы заңның сегізінші тармағына енгізілді. Осыған орай кәсіби-техникалық мамандықтарға келесі оқу жылы жергілікті бюджеттен 22 мың грант бөлу жос-парланып отыр екен. «Экономика» және «құқық» мамандықтарына грант бөлінбейді. Себебі мемлекеттік сұраныстың орны толып қалған. Медициналық мамандықтарға бөлінетін грант саны қысқарады.
Демек, енді мемлекет әрбір қазақстандық азаматтың алғашқы техникалық білімді тегін алуын қамтамасыз етеді. Өйткені кәсіптік-техникалық білім беру – уақыт талабы. Тәуелсіздік алған жылдары жастар арасында жаппай банкир болу тенденцияға айналды. Одан кейін халық балаларына экономист, заңгерлікті оқытуға бейім болды. Енді оларға сұраныс төмендеп, жұмысшы кадрлар даярлау қолға алынды. Жұмысшы мамандық деп отырғанымыз, құрылысшылар мен тас қалаушылар, дәнекерлеуші, шаштараздар мен аспаздар.

Елбасы бұл туралы «Біздің айналамыздағы нәрсенің бәрі жұмысшылардың қолымен жасалған. Осыны ешқашан естен шығармаңдар. Мысалы, қолдарыңдағы тамақ жейтін қасық пен шанышқыны жұмысшылар жасаған. Ол үшін металды балқытты. Сендер тұратын үйді, көлікпен жүретін жолды салған жұмысшылар. Дастархандағы жейтін нанды пісіруге ауылдағы жұмысшылар дайындайды. Сендерді тамақтандыратын асханадағы аспаз да жұмысшы мамандығына жатады. Айналамыздағының бәрі жұмысшылардың алтын қолымен жасалған» деп айтқан болатын.

Қаншама мүмкіндіктер жасалса да, жұмысшы мамандыққа көбінің түскісі келмейді. Ержан Бұрхановтың айтуынша, баланың мұндай ой қалыптастыруына ата-анасының ықпалы әсер етеді. Біздің өңірде біз айтып отырған мамандыққа барғысы келетіндер бар, бірақ ата-анасы қарсы. «Басында қымбат шәпкісі, қолында қалың пәпкісі» болуы керектігін өздерінің де, баласының да санасына құйып отырады. Ұмытпаған жөн, жұмысшы мамандық иелерінің табысы жақсы және жұмысты қиналмай-ақ табады.

Еске салсақ, ҚР БҒМ қысқа мерзімді болашақта жұмысшы мамандықтары бойынша даярлықты жылына 40 мыңнан 80 мыңға дейін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 2017 жылы гранттар бірінші кезекте жұмысшы мамандықтарына беріледі.

Колледж студенттері үшін тағы бір өзгеріс. Білімдерін ЖОО-да жалғастыру үшін техникалық және кәсіби білім орындарын бітірушілер тапсыратын ТКТ (талапкерлерді кешенді тестілеу) талаптары де өзгерді. Бұған дейін колледж түлектері тестті мектеп білімі негізінде тапсырса, ТКТ-дің жаңа форматында колледждерде алынған білім ескеріледі.
Кешенді тестілеу барысында талапкерлер 60 сұраққа жауап береді: 20 тапсырма – жалпы бейінді пән бойынша (бұл тапсырмалар арқылы базалық пән ойынша алынған академиялық білім деңгейі тексеріледі) және 40 тапсырма – бейінді пәндер бойынша (бұл тапсырмалар тереңдетілген академиялық білім деңгейін, сондай-ақ, практикалық дағды мен ептіліктерін анықтауға бағытталған). 60 тапсырманы орындауға 100 минут уақыт бөлінеді.

Дайындаған – Әлия ӘДІЛБЕК

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *