Жоқтан бар жасайтын Владимир мен Владислав

Жоқтан бар жасайтын Владимир мен Владислав

Жастарының саны жөнінен тұтас бір облыстың халық санын орап алатын Оңтүстікте үш өлшемді әлемнің технологиясына қызығатын студенттер бар. Солардың бірі әрі әзірге азы – 20 жасқа енді толған Владимир мен Владислав. Екеуі де Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының III курсында оқиды. «Радиоэлектроника мен бағдарламалық қамтамасыз ету салаларының жілік майын шағуға талпынып жатырмыз» деген жігіттердің қазіргі бар қызығы – 3D принтерлер.

Әлемнің технология саласындағы беталысын тұтастай өзгертуге бағыт алған 3D принтерлер индустриясының Қазақстанға, соның ішінде Шымкент қаласына жеткеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Ұзаса бір жыл. Аталмыш университетте екі дана 3D принтер бар.

Жоқтан бар жасайтын Владимир мен Владислав

Владимир Лукачев, III курс студенті:
– Радиоэлектроника мен 3D модельдеуге деген қызығушылығым осыдан алты жыл бұрын пайда болып, содан бері айналысып келемін. Бағдарламалық қамтамасыз етуді де білемін. Сайт жасаумен, не электроника заттарының бұзылған жерлерін жөндеп беріп, ақша табамын. Мысалы, аз уақыт бұрын, күзет агенттігіне шақырды. Олардың бағдарламалық жүйесінде ақау шығыпты. Инженерлері болмағандықтан, мен ақауды жөндеп, мәселені шешіп бердім. Тапсырыс бағасы да әртүрлі. Мысалы, мынадай детальді жасату – 10 мың-12 мың теңгеге түседі. Бағаны тапсырыстың ауқымы мен күрделігіне қарай белгілейміз. Кейде бірнеше кезеңде бөліп-бөліп басуға тура келетін детальдарға тапсырыс түседі. 3D принтерде басып шығару оңай емес. Адам ресурстары жұмсалады. Уақыт кетеді. Маман әрдайым басы-қасында отырып, қадағалауы керек. Бізде қазір студенттер оқумен қатар, осы іспен де айналысып, ақша табады. Грантты берудегі басты талап, біз 3D принтерлерді өндірісте жолға қойып, кеткен шығынын ақтау болды. Әзірге кеткен шығынды ақтай қоймадық. Өйткені, жұмыс бастағанымызға аз уақыт болды. Өткен жылы грант жеңіп алғаннан кейін, тапсырыс беріп, елге жеткізгенге дейін біраз уақыт кетті.

Жатса да, тұрса да бас ауыртып, ойлайтынымыз — 3D принтерлер, – дейтін екі досқа «Кәдуілгі қағаз басып шығаратын принтер де, бұл да бір емес пе?», деген сауал көп қойылады екен. Олар мұндайда: Біз қағаз емес, кәдімгі қолға ұстап, қажетке жаратуға, кем-кетіктің орнын толтырып, өндіріске, тұрмысқа пайдалануға болатын зат басып шығарамыз, деп жауап береді.

Міне, осындай қағаз емес, зат басып шығаратын 3D принтерлер енді бір жылдан кейін кәдімгі дипломды маманға айналатын Владислав пен Владимирдің басқаруына беріліпті. Университет ішінен бизнес-инкубатор ашылған. Жігіттер сонда жұмыс жасайды.

Жоқтан бар жасайтын Владимир мен Владислав

Олар өткен жылы «Шымкент Инновация» ЖШС ұйымдастырған байқауға қатысып, 3D протиптеу бойынша грант жеңіп алған. Грант қаржысына Голландияда жасалған Ultimaker 2 атты 3D принтер сатып әкелген. Дәлірегі, интернет-дүкен арқылы тапсырыс беріп, алдыртыпты. Әрқайсысының құны 3500 АҚШ доллары тұрады. Білетіндердің бағалауынша, сапасында мін жоқ.

Владиславтың сөзінше, олар 3D принтердің өзімен бірге келген Cura бағдарламасын пайдаланады. Алайда, кез-келген бағдарлама сай келе береді. Мысалы, ресейлік Компас 3D, немесе 3D MAX, Blender 3D сияқты бағдарламалармен де жұмыс істеуге болады. Яғни, кез-келген дизайнер, не жобалаушы мұнымен айналыса алады. Ол үшін қандай да нақты бір бағдарламаны меңгеру маңызды емес. CURA бағдарламасына басқа 3D бағдарламаларда жасалған 3D модельді алып келіп, 3D принтердің форматына келтіріп, баптап, басып шығара беруге де болады.

Қазір Blender 3D –де жобалап, содан кейін оны Cura-ға салып, принтерге бейімдейді. Өлшемін, диаметрін реттеп, аударып, төңкеріп, басып шығару процессін қадағалайды.

3D принтердің жұмыс істеу принципі былай: Затқа қажетті шикізат түтікшелер арқылы принтердің кішігірім пешіне таралып, одан кейін қат-қатымен жағылады. Алдын ала компьютерде 3D модель жасалып, өңделіп, арнайы кодтарымен 3D принтерде басуға жіберіледі. Қарапайым принтер сияқты басады, бірақ 3D үлгіде жасап шығады. Күрделілігі кез-келген деңгейдегі детальдарды басып шығара алады. Бәрі де бағдарламаны меңгеруіне келіп тіреледі.

– Бағдарламаны меңгеру – адамның машықтануына байланысты. Студенттер бағдарламаларда 3D моделдеуді білгенімен, соны өмірде қалай пайдалануын білмейді. Қажетіне жарата алмайды. Ал, 3D принтерде жасап шығу индустриясында мүмкіндіктер шексіз. Яғни, мұнымен көп шаруа тындырылады. Кез-келген машинаға, станокке және тағы да басқа құрылғыларға арналған детальдарды жасап шығаруға болады. Тіпті «3D принтерде тағы да бір 3D принтер жасап шығуға болады», деген әзіл бар. Және бұл әзіл шындыққа жанасады. Яғни, 3D принтерде 3D принтердің детальдары басылады, – дейді Владислав.

Ал, Владимирдің сөзінше, бүгінде Шымкентте бар-жоғы бес қана 3D принтер бар. 3D принтерлерді коммерциялық мақсатта қолдануға болады. Ең үлкен кедергі — бағасының қымбат болуында. Қазақстанда 3D принтерлерді сатпағандықтан, интернет арқылы шетелден тапсырыс береді. Тапсырыс беру, жеткізу сияқты қиындықтары бар. Бағасы қымбат болғандықтан, жеткізу құны да жоғары. Еуропа елдерінде арзанға түседі. Өйткені, ол жақта 3D принтерлерді дүкендерде сатады.

Екеуі қазір 3D сканер жасап жатыр. Сыртқы түр-сипатының 3D моделін жасап қойыпты. Енді сканерлерге арналған құрылғылық жабдықтамасын әзірлеу үстінде. Бағдарламасын жазған. 3D сканер жасалып болғаннан кейін, онымен түрлі заттарды сканерлеп, 3D моделдеуге болады. Яғни, сканерлеп, дубликатын 3D принтерде басып шығарады. 3D ксерокске ұқсайды. Алдағы бір ай ішінде дайын болады.

Жоқтан бар жасайтын Владимир мен Владислав

Владислав Макушев, III курс студенті:
– Бағдарламалаумен төрт жылдан бері айналысамын. Ал, радиоэлектроникамен осында университетке оқуға түскеннен кейін үйреніп бастадым. Мұнда осыған қызығатын студенттер болды. Мен де қызығып, бірден үйреніп кеттім. Мен осы 3D принтерде жұмыс жасаудан бөлек, жеке кәсіпкерлік ашқанмын. Оқудан тыс уақытта сайт жасаумен, бағдарламалық жабдықтаумен де айналысамыз. Ал, университетімізде IT орталық та бар. Онда студенттер тәжірибе жинақтайды. Дайын кадрға айналады. Жоғары оқу орнына түскенге дейін бағдарламалық қамтамасыз етумен айналыстым. Қазір де әрі оқимын, әрі жұмыс та істеймін. Тапсырыс аламын. Осылайша, табыс табамын. Бағдарламалық қамтамасыз ету, web-дизайн бойынша көп тапсырыс түседі.

Одан кейін 3D принтер жасап шығармақ. «Екі 3D принтер жақсы, ал үшеу болса тіпті жақсы» дейтін жігіттер 3D принтердің ұсақ бөлшектерін жасауды бастап кеткен. Қалғанын енді басады. Оған ең алдымен, қаражат қажет. Осы үшін де 3D принтер жасауға деп грант бөлу қарастырылыпты. Алдағы уақытта грант бөлінсе, онда 3D принтерлер жасау өндірісін қолға алады.

3D принтерде басуға арналған шикізаттардың сан мыңдаған түрі бар. Мұнда солардың арасында кеңінен таралған екі түрі ғана ғана қолданылады. Біріншісі, ABS, екіншісі PLA. Екеуінің айырмашылығы, біріншісі синтетикалық, екіншісі табиғи. Екеуінің де артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Мысалы, PLA-ның ABS-тен өзгешелігі, пластикалық қасиетінде. Ал, ABS қаттылау болғандықтан, морт сынуға бейім. PLA-ның бағасы ABS-тен арзан. Орта есеппен, PLA-ның бір келісі 10-12 АҚШ доллары тұрса, ABS-тің бір келісі – 16 АҚШ доллары шамасында. Бір келі шикізат орташа өлшемдегі 20-30 деталь жасауға жетеді.

– Станоктардың деталын жасатуға қатысты бірнеше тапсырыс түсті. Адамдар шетелдерден станок сатып әкеледі. Станок біраз уақыт жұмыс істегеннен кейін, бір бөлшегі сынады, істемей қалады. Сондайда сол бөлшегіне шетелден тапсырыс беріп, алдыртады. Сәйкесінше, ондай бөлшектерінің бағасы да қымбат тұрады. Осындайда сол бөлшегін бізде жасатады. Бұл үшін алдымен сол детальді компьютерде 3D моделін жасап, содан кейін 3D принтерде басады. 3D принтерде пластик шикізатымен басылғандықтан, станокка жарамайды. Сондықтан да, алдымен осы 3D принтерде қалып жасалады. Біз мұны мастер-модель деп атаймыз. Сол қалыпты басқа компания алып, ары қарай керекті бөлшегін құйып шығады. Сондай-ақ, зергерлерден де тапсырыстар түседі. Әр түрлі әшекейлік заттардың мастер-моделін жасадық, – дейді Владимир.

– Неге басқа емес, нақ осы саланы үйренуге ден қойып жүрсіңдер, дегенімізде: 3D принтерлердің болашағы өте зор. Қолданылу ауқымы өте кең. Түрлі-түрлі заттар осы 3D принтерде басылып жатыр. Қазір 3D принтерде тіпті үйлерді де басып шығарады. Медицина саласында да молынан қолданылады. Түрлі протездер басылады. Біз де бұл саланың қыр-сырына қанығып, Шымкентте 3D принтерлерде зат басып шығару өндірісін дамытқымыз келеді, деп жауап қайтарды жігіттер.

Жәнібек НҰРЫШ
Суреттер автордікі

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *