Жайдарманшы атанудың талаптары қандай?

jaydarman«Жайдарман» ойындары 17 жылдан бері әзіл-қалжың арқылы қоғамдағы өткір мәселелерді қозғап, жастардың қолдауына ие болып  келе жатыр. «Жайдарман» сахнасында өнер көрсеткісі келетіндердің қатары көбеймесе, азаймаған.

Оңтүстіктің «Байдың балалары», «Шымкент жастары құрамасы», «Сырдария», «Жетісай» жайдарман топтарын жастардың басым бөлігі жақсы таниды. Бірақ олар осындай деңгейге жету үшін қандай қиындықтардан өтті, әзілдерді қалай құрастырады, кім қаржыландырады? Мұны көбі біле бермейді. Жайдарманшылардың қатарына қосылуға кез-келген жастың мүмкіндігі бар. Бұл ойын ұлт, нәсіл, географиялық аймақты таңдамайды. Жасқа байланысты шектеу де жоқ. Мысалы, біздің өңірдегі «Жайдарманшылардың» ең кішкентайы 10 жасар болса, ең үлкені – 40 жаста.

Жайдарман ойындарының талаптары

Жайдарманшылардың сахна этикасын сақтауы қатты қадағаланады, белгілі бір аймаққа тән кемшіліктерді тізбелеп, сол арқылы ұпай жинауға шек қойылады, қатысушылардың балағат сөзге, анайы әзіл айтпауына аса көп мән беріледі. Қатысушылардың музыка таңдау стилі және сырт келбетінің сахнаға сай келуі де назардан тыс қалмайды. Этиканы сақтауда, жоғарыда жазылған кемшіліктер орын алмас үшін, алдымен редактордың сүзгісінен өтеді. Еліміздің әр облысынан Есен Елеукеннің басшылығымен редакторлар тағайындалады. Командалар ойын болардан бір апта бұрын, ойын өтетін қалаға келеді. Бекітілген редакторлар құрамалардың дайындықтарын пысықтап, тексеруден өткізеді. «Жайдарманның» мақсаты – тек көрермендерді күлдіру ғана емес, жастардың арасында мәдениет қалыптастыру, көпшілікпен араласуға, сөйлеуге дағдыландыру. Яғни, тұлғалық қабілетін дамыту. Сондықтан кемшіліктерге көз жұма қарау деген жоқ. Сондай-ақ, «Жайдарманда» тілді шұбарламау мәселесі де қатаң ескеріледі. Ойын кезінде өзге тілдің сөздері араласып кетсе, командалардың ұпайы кемітіледі.

oralova-diynaraДинара Оралова, ОҚО «Жайдарман» филиалының үйлестірушісі:
– Еліміздің әр облысында «Жайдарманның» филиалдары және сол филиалдың үйлестірушілері бар. Біздің жұмысымыз — облысымыздағы талантты жастардың басын қосып, мықтыларын іріктеу. Осы мақсатта аудан, ауылдармен тығыз жұмыс жасаймыз. Себебі, көптеген дарынды жастар ауылдардан шығады. Сондықтан, кезекті сайыс алдында біз облысқа қарасты барлық қала, аудан, ауылдардағы «Жастар орталығына» хабарландыру жіберіп, қатысушы топтарды іріктейміз. Оңтүстік Қазақстан Облысында тіркелген 300-ге жуық «Жайдарман» топтары бар. Бұдан бөлек, республикалық деңгейде «Жайдарлы Жасұлан» атты ойындар өткізіледі. Қойылатын талаптар дәл «Жайдармандағыдай», ерекшелігі, тек кішкентай балалар қатыстырылады. Біздің өңірде осы ойындарға қатысатын «Азия» деген құрама бар. Оларды қаржыландыру өз ата-аналарының мойнында, десе де, бұл оларға кедергі емес. Олар қазірдің өзінде республикалық деңгейде ойындарын көрсетіп жүр.

Қандай кезеңдерденөту керек?

Іріктеу сайыстары алдымен аудандық-қалалық, содан соң облыстық деңгейлерде өтеді. Ал республикалық деңгейге өту үшін облыстық филиал басшыларының рұқсатымен қаңтар айының соңында немесе ақпанның басында өтетін республикалық «Маусым ашар» фестиваліне қатысады. Сол жерде республикалық статусы бар лигаларға және телевизиялық лигаларға жолдама алады.
Атап айтқанда:

1. Аудандық-қалалық лига;
2. Облыстық лига;
3. Облыстық ашық лига;
4. Орталық лига;
5. Бірінші лига;
6. Премьер лига;
7. Жоғары лига

Жүйе бұрынғыдай емес. Бұрын аз уақытта құрыла салып, телевизиялық жобаға шығу оңайырақ болатын. Ал қазір басқаша. Кемі екі-үш жыл керек. Бұл іріктеулердің маңызы, алыс шалғай аудан, ауылды жерлердегі таланттарды да республикалық деңгейге көтеріп, өнерлерін көрсетуге мүмкіндік беру болып табылады.

8-nwrswltan-wsenovНұрсұлтан Үсенов, Жетісай» жайдарман құрамасының топ
басшысы:
— Жайдарман ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шыңға шығу ойыншылардың өз қолында. Кейбіреулері екі-үш рет телеарнадан көрініп, тез танымал болғысы келеді. Кейбіреулері сабақтан қашу үшін немесе бірнеше көрерменнің қолдағанына мәз болып жүреді. Ал енді бірі уақытын тиімді өткізгісі келеді. Айтарым, тез танымал болуды көздеп келген ойыншылар ұзаққа бармайды.

Әзілдерді кім және қалай құрастырады?

«Қазақстан Көңілді тапқырлар клубы Одағының» президенті Есен Елеукен айтпақшы, әзілдің төресі – телеарнада көрсетілгенде, радиодан айтылғанда, қағаз бен кітап беттерінде жазылғанда да күлкіге көметін болуы керек. Сондықтан жайдарманшылар бірінші кезекте әзілдерді құрастыруға ерекше тоқталады. Әзіл авторы – ойыншылардың өздері. «Жайдарман» ойындарының жаңа маусымының басында жалпы тақырып бекітіледі, ол жыл сайын өзгеріп отырады.

Әзілдерді құрастыру барысында, тек қазақ тілінде және менталитетімізге сай жазылуына мән беріледі. Әрине, тақырыптан ауытқымау да ескерілуі тиіс. Ең басты талап – авторлық құқықты бұзбау, яғни өзгелерден ұрлау, көшіруге жол берілмеуі тиіс, бәрін өздері құрастыруы қажет. Әзілдерінде аталған кемшіліктер болса, бірден алынып тасталынады. Егер ол команда редакторлық жұмыстан өтпей қалған әзілді ойын барысында қолданар болса, ұпай саны шегеріледі. Бірақ «Жайдарманның» негізгі мақсаты әмбебаптық болғандықтан, «әр ойынға осы тақырыпта ғана ойнайсың» деген талап қойылмайды.

Жайдарманшылар жалақы алады ма?

Бұл сұрақ көпті қызықтыратыны рас. Жайдарманшылар жалақы алмайды. Республикалық жоғарғы лига сайыстарына «Нұр Отан» партиясы, Республикалық Премьер-лига ойындарына ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсетеді. Ал оған дейінгі ойындарға қатысатын ойыншылар өздерін-өздері қаржыландырады немесе демеуші іздейді. Көбіне мектеп оқушылары болса, мектеп директорлары, жоғары оқу орындары болса, ректорлар демеушілік етеді.

Әлия ӘДІЛБЕК

Comments
  1. Перуза

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *