Жасына жетпей жүкті болғандар

Соңғы кезде кәмелет жасына толмағандар арасында ерте жүктілік көбейіп кетті. Салдарынан тастанды балалардың саны артып, безбүйрек аналардың қатары артты. 2013 жылы меценат Айдын Рахымбаевтың бастамасымен еліміздің барлық облыстарында 28 «Аналар үйі» ашылды. Онда барар жері жоқ жас аналар сәбилерімен паналап отыр.

Жасына жетпей жүкті болғандар

Бүгінде Шымкент қаласында да осындай 2 «Аналар үйі» бар. Мұнда 25 жас ана, 21 бала, 5 жүкті әйел пана тапқан. Ең бастысы, өрімдей жас қыздардың бір кездері тағдырдың тәлкегімен шалыс басса да, қателігінен сабақ алып, туған баласынан бас тартпағандығы қуантады. Біз сол «Аналар үйін» паналап отырған қаракөздердің өзімен сөйлесуді ұйғардық. Кейіпкеріміз Алтынай (аты өзгертіліп алынды) 15 жасында жүкті болып, Жібек есімді қызды дүниеге әкелген.

– Қазір 17-демін. Қызым жасынан асты. Қазығұрт ауданында туып өстім. Әке-шешем, бауырларым да бар. Олардың бәрі Алматыда. Мені осы жерге анамның өзі әкеліп тастады. Перзентханада қызымды босанған соң «балаңды тастап кет, асырай алмайсың» деп айтты. Себебі, ағайын, туған-туыстар менің бұл күйге ұшырағанымды білмейді. Бірақ, «баланы тастамаймын» дедім. Бұл жерді әуелі анам келіп көрген. Маған «осында барасың ба?» деді. Алғашында бұл жерді жаман екен деп ойлап, барғым келмеген. Осы үйдің үйлестірушісі Оксана Браткова апайым тікелей перзентханадан алып келді. Анам небәрі екі рет келіп кетті. Әкеліп тастаған себебі, үйіміз жоқ. Ата-анамды кінәламаймын. Өйткені, кінәнің бәрі өзімнен. Мектепте 8 сыныпта оқып жүргенде бір жігітпен таныстым. Оны қатты жақсы көрдім. Бірде отырыс болып, жігітім кішкене қызыңқырап қалды. Сол күні үйге шығарып салуға келді. Үйде анам жоқ еді. Соны пайдаланып, мені күш көрсетіп қинады. Маған тиіскен кезде не болғанын түсінбедім. Сөйтіп арада біршама уақыт өтті. Болған жәйтті ата-анамнан қорқып, айтпай жүре бердім. Жігітім «қыз емес екеніңді айтып қоямын» деп қорқыта бастады. Мен «айтпашы» деп жалына бастадым. Ол қызғанып қол жұмсайтынды шығарды. Ол маған үйленемін деп айтқан соң, жақындасып жүрдік. Сөйтіп екіқабат болып қалдым. Кейін анам жүрісімнен күдіктене бастады да, «тексертемін» деп шықты. Мен қорқып қалаға қашып кеттім. Содан кафеде ыдыс жуушы, бір үйде бала күтуші болдым. Полицейлер тауып алып, мені Қазығұртқа алып кетті. Ол кезде ата-анам Алматыға көшіп кеткен. Осы арада бар сырым ашылып, сот болды. Әлгі жігітім баланы менен емес деп мойындамай қойды. Сол арада әлгі күтуші болған үйдегі әже маған жанашырлық танытып, өзімен алып кетті. Сөйтсем, ол менің ішімдегі баланы босанғаннан соң асырап алғысы келіпті. Тіпті, анаммен сенімхат жазысып, нотариусқа да барған. Соны біліп қойып, тоғызыншы айда ол үйден тағы да қашып кеттім. Кейін толғағым келіп, перзентханада босандым. Ондағылар менің кәмелет жасына толмағанымды біліп қояр деп, 1994 жылы туылғанмын деп алдадым. Олар компьютердегі базадан тексеріп көріп, неге алдайсың деп ұрысты. Төрт күннен кейін осы «Аналар үйіне» келдім.

Жасына жетпей жүкті болғандар

Жалпы, қазір «қызымды тудым» деп емес, «ата-анамның абыройына кір келтірдім» деп өкінемін. Себебі олай етпегенімде оқуға түсіп, құрбыларыммен күліп-ойнап жүрер ме едім. Қызымның әкесі қайтадан келіп, кешірім сұрап, үйленейік десе де, оған қосылмаймын. Оның аяғым ауыр кезде тепкілеп ұрғанын айтып жеткізе алмаймын. Сол кезде баламның түсіп қалмағанына таң қаламын. Маған «алдырып таста» деп ақша әкеліп берсе де, «осы баланы дүниеге әкелемін» деп тұрып алдым. Қазір кешкі мектепте оқып жатырмын. Әрі қосымша ыдыс жуушы болып жұмыс істеймін.

Құрбыларыма айтарым, бәрі өздеріңе байланысты. Қыздар өзін-өзі ұстаса ештеңе болмайды. Оның үстіне мен төсек қатынасы жөнінен мүлде бейхабар болдым. Анаммен де ашық сырласқанымда ғой. Маған көп ұрысатындықтан, жан сырымды бөлісуге қорқатынмын. Болашақта қызыммен ашық сырласатын боламын.

Оксана Браткова, «Аналар үйі» қоғамдық қоры жобасының үйлестірушісі:

– Біз мұнда ешкімді күштеп ұстамаймыз. Үш мезгіл тегін тамақ беріледі. Медициналық және әлеуметтік-психологиялық көмек те көрсетіледі. Жас аналар баласы бір жарым жасқа келгенше паналайды. Одан кейін де біз оны бірден көшеге лақтырып тастаймыз деген сөз емес. Оларды өмірге бейімдеп тігінші, шаштараз, аспазшы, кондитер, массажист мамандықтарын алып шығуын көмектесеміз. Баласы 9 айға толған кезде балабақшалармен келісіп, жұмыс істеп жүрген аналар. Жалпы, бұл жерде отбасымен қайтадан табысып, тұрмысқа шығып жатқандары да кездеседі. 18 жасқа толмаған жас аналар кәмелет жасына жеткенге дейін баласымен бірге осында болады. Орталыққа айына кем дегенде 4 адам түседі. Бірі шығып, бірі келіп жатады. Бізде қазір 15 орын бос. Қиын жағдайда қалған жас қыз-келіншектер мына телефон нөміріне хабарласуына болады:

8-800-080-77-71 немесе 8-747-311-40-17.

Екінші кейіпкеріміз Зарина, 18 жаста, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Мен 16 жасымда екіқабат болдым. Мектепке кеш барғанмын. 8 сыныпта оқып жүргенімде бір жігітпен танысып, араласа бастадық. Бес айдан кейін мен жүкті екенімді білдім. Жігітіме айтқан едім, ол үйленеміз деді. Сосын мені әке-шешесімен таныстырды. Олар мені ұнатқанымен, ата-анамның ішетіндерін жақтырмады. Сөйтіп жігітім жақтан «ондай отбасы керек емес, алмаймыз» деді. Арада екі ай өтті. Болған жайтты анама айттым. Басында түсіністікпен қараған. Кейіннен: «Неге сені ешкім тұрмысқа алмайды? Неге бір өзіңсің?» деп айта бастады. Оларға: «Мен кінәлі емеспін. Сіздер ішесіздер, сол себепті мені ешкім алмай жатыр» дедім. Толғағым жақындағанша тоғыз ай асханада ыдыс жуушы болып жұмыс істедім. Үш сіңлім бар, ата-анам жұмыс істемейтін. Тоғыз айдан кейін перзентханада босандым. Онда он күндей жаттым. Себебі, баламның туу туралы куәлігі жоқ болатын. Анам перзентханаға мас болып келді. Соны көрген дәрігерлер маған қалада «Аналар үйі» бар екенін айтты. Мен оларға «Жоқ керек емес, менің үйімде бәрі жақсы» дедім.

Жасына жетпей жүкті болғандар

13 наурызда перзентханадан шығып, үйге келдім. Әке-шешем күн сайын ішіп келеді. Әкем немересіне жолаған да жоқ. 19 наурыз күні олар мені үйден қуып жіберді. Сол кезде маған дәрігерлердің Оксана Анатольевнаның нөмірін бергені есіме түсіп, «Осылай жағдайым қиын, көмектесіңізші» деп жылап хабарластым. Міне, 20 наурыздан бері осында тұрып жатырмын. Жеті ай болды. Ата-анам осында екенімді біледі. Баламның атын Сергей қойдым. Айтпақшы, баламның әкесі қазақ, ол сол күйі жоқ болып кетті. Баламның барына өкініп жатқан жоқпын. Мен тек алданғаныма өкінемін. Құрбыларыма не кеңес айтатынымды білмеймін. Енді біреуге сенуге болады, біреулерге сенуге болмайды. Қысқасы, өмірде қашан да абай болу керек екен.

Түйін:

Сарапшылар кәмелетке толмаған 13-17 жастағылар арасында жүкті және босанғандардың 6 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтады. Олардың туысқандары көбіне жасырып, үйде босандырады немесе баланы сатуға, туысқандарына беруге тырысады. Ал ондай қыздардың әрине төлқұжаты болмайды. Психикалық ауытқушылығы байқалады дейді. Екіншісі, Балалар үйі мен Жасөспірімдер үйінен тәрбиеленіп шыққандар – 24 пайыз, үшінші, 70 пайызы жалғызбасты 21 жасқа дейінгі жас аналар құрайды.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *