Ж. Түймебаев, ОҚО әкімі: Еңбектен қашпайтын жастарды жұмысқа алайын

forwmҚазақстан Республикасының «Жастар саясаты мәселелері» заңына сай жылына екі рет республикалық және өңірлік жастар форумы өтуі тиіс. Осыған орай жуырда шаһарымызда «Болашағы жарқын — Оңтүстік жастары» деген атаумен ұйымдастырылды.

Аудан, қала «Жастар ресурстық орталықтарының» басшылары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жастар комитеттері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаттары, республикалық, облыстық жастар ұйымдары, белсенді делегаттар, ерікті жас-тар, барлығы 400 адам қатысқан форумды жаңа лауазымында жастармен алғашқы кездесуін өткізіп отырған облыс басшысы Ж. Түймебаев ашты.

«Облыстағы зиялы қауыммен, кәсіпкерлер, ардагерлер және түрлі топтармен кездесіп, таныстым. Ал енді, облыстың ең бетке ұстар бөлігі, жастармен жолығып отырғаныма қуаныштымын. Бүкіл жұмысымыз, жоспар-мақсаттарымыз сіздермен бірге жасалады және сіздерге арналады»,- деді әкім. Ал, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Болат Жанәбіл «Жастар ресурстық орталықтарының» атқарып жатқан жұмыстары, жетістіктері мен қатар жастардың арасындағы мәселелерді атап, оны шешу үшін бірнеше ұсыныс жаса-ды.

bolat-janaebilБолат Жанәбіл, ОҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы:
– Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік Жастар саясаты» заңына сәйкес, екі жылда бір рет республикалық және өңірлік жас-тар форумы өткізілуі тиіс. Соның бірін ұйымдастыру бізге жүктелді. Берілген мүмкіндіктерді пайдалана отырып, атқарылған қызметтерге тоқтала кетсем, облыстық экономика және бюджеттік жос-парлау басқармасының мәліметіне сәйкес, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойын-ша 2015 жылы 733 жас маман жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде 300 жас тұрғын үймен қамтылып, 633 жас маманға бір жолғы көтермелеу жәрдемақысы төленді. 2016 жылы 750 жас маманды орналастыру жоспарланып, бүгінгі күні 590 жас жұмыспен қамтылды. Ал «Жастар практикасын» ұйымдастыру үшін 2016 жылдың 1 қазанынан бастап 1541 жұмыс берушімен келісім шарт түзіліп, осыған сәйкес жобаға 5103 жас тартылып отыр. 10 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жаз мезгілінде жас-тарды жұмыспен қамту үшін қолға алынған «Жасыл ел» жастар жобасы бойынша 2016 жылы 1350 жас жұмыспен қамтылды. Осы жиынды пайдалана отырып жастардың проблемаларына да назар аударуды жөн санадым. ОҚО-да 12 жоғары оқу орны бар болса, соның тек он бірінде ғана жатақхана бар. Бар болғаны 23 жатақханада облыстағы жоғары оқу орнының 45 мың студентінің тек 6 мыңы (13,8%) ғана орынмен қамтамасыз етілген. Оқу, жол ақысынан бөлек жастар пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Сондықтан осы сұрақты күн тәртібіне қоятын кез келген сияқты. Сондықтан Шымкент қаласында ЖОО студенттері үшін студенттік кампус салуды қарастыру керек деп санаймын. Бұдан бөлек, қала әкімдігінің қолдауымен студенттер жол ақысы қоғамдық көліктерде 50 теңгені құрап отыр. Тағы бір ұсынысым, алдағы уақытта да бұл баға өспесе екен…

Жастардың басын қосқан жиынның мақсаты — билік пен жастар арасында диалогты қамтамасыз ету. Алаңды пайдаланып, жастар да облыс әкіміне көкейді кернеген сауалдары мен жастар саясатын нығайту мақсатында жүзеге асырылуы тиіс ұсыныстарын білдірді.

СҰРАҚ: Құрметті Жансейіт Қансейітұлы, Сіздің кезінде Ресей Федерациясында елші қызметін атқарғаныңыз баршаға аян. Жақында Қызылорда облысының әкімі 80 дарынды жасқа Ресейдің үздік университетіне грант бөлді. Енді, осы жоба біздің өңірде де жүзеге асса…
Жауап: Жақсы ұсыныс, қолдаймын. Керек десең Түркияға да грант бөлейін. «Обещаю».

СҰРАҚ: Шымкент қаласының саябақтарында спортпен айналысуға мүмкіндік беретін орындар көп. Осындай спорт алаңшаларын ауылдарда да салса, Елбасымыздың 2020 жылға дейін спортпен айналысатын жастардың санын 30%-ға артыру керек деген сөзіне септігін тигізетін еді…

ЖАУАП: Сіздің айтып тұрғаныңыз әр түрлі жаттығуларды жасауға арналған фитнес құралдары ғой?! 17 жасқа толған азамат сондай жабдықтарды жасай алады емес пе? Жасай алады, сондықтан сіздер соны жасаңыздар, орнатыңыздар, біз сіздерге сол үшін ақша төлейік. Осы арқылы сіз тек игі іс жасап қана қоймай, қосымша қаржы табу мүмкіндігіне ие боласыз.

СҰРАҚ: Бәрімізге белгілі таяуда Астана қаласында Оңтүстік күндері өтті. Енді сол іс-шараны еліміздің басқа аймақтарында немесе өзімізде ұйымдастыруға қалай қарайсыз?

ЖАУАП: Иә, Оңтүстіктің күндері өте жоғары деңгейде өтті деп атап өткім келеді. Көрмелер де болды, жәрмеңкесі де өтіп жатты, бірақ ең ауқымдысы гала концерт еді. Өнер иелері үлкен дайындықпен келген. Енді сол концертті 1 желтоқсан күні біздің қалада өткізуді жоспарға енгізейін. Концертке міндетті түрде келіңіздер.

СҰРАҚ: Жансейіт Қансейітұлы, сіз қарапайым ауылда өскенсіз, кейін биік белестерді бағындырып, елші, министр дәрежесіне жеттіңіз, бізге де сондай жетістікке жету үшін қандай кеңес бересіз?

ЖАУАП: Мұның барлығы аспаннан түсе салмады. Барлығы еңбектің арқасы. Лениннің «оқы, оқы және оқы» деген сөзін барлығыңыз жақсы білесіздер, бірақ оның екінші мағынасы бар «үйрен, үйрен және үйрен» деген. Айтпақ болғаным, жастарда ешқандай қызығушылық болмаса, берілген кеңестердің пайдасы жоқ. Осы орайда тағы қосайын, бізге ауыл шаруашылығы, техникалық мамандар, құрылысшылар ауадай қажет. Сондықтан, сіздер, жұмыстан қашпайтындар, тізімдеріңізді жасап, басшылыққа тапсырыңыздар, мен тізімдегілермен өзім кездесіп, мақұл көргенімді жұмысқа алайын. Біздің күш — білікті әрі еңбекқор жастарда екенін ұмытпайық.

СҰРАҚ: Біздің елде қазір «үштілділік саясаты» жүргізілуде, бірақ ол кейбір жастарға қиын соғып жүр. Уақытының емес, қалтасының жұқалығынан. Сол үшін ағылшын тілдерін үйрететін тегін үйірмелер көбірек ашылса…
ЖАУАП: Менің ойымша тіл үйрену қазіргі таңда қиын мәселе емес. Біз үнемі шетелге шыққан кезде Қазақстанның жастары үштілді жетік меңгерген деп мақтанып жүреміз. Ал сіздің ұсынысыңызға келсек, қаламыздағы орта және жоғары оқу орындарында көптеген үйірмелер бар деп естігенмін. Алдағы уақытта оқу орындарының басшыларымен кездесіп, сіздің мәселеңізді қарастыратын боламын.

Жастардың жолдаған сұрақтары, ұсыныстары аз болмады. Бос уақытты тиімді өткізу керектігін айтқан әкім жастарды спортпен айналысуға және Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтой құрметіне әрбір жасты бір түп ағаш отырғызуға шақырды. Сондай-ақ, мұндай маңызды басқосуларды жиі ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды.

Форум қорытындысында осы жылдың 1 желтоқсан күні Астана қаласында өтетін республикалық жастар форумына Оңтүстік Қазақстан облысынан баратын делегаттар сайланып, жылдың үздік сала мамандары әр түрлі номинация бойынша облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

ОҚО әкімі Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы «Болашағы жарқын Оңтүстік жастары» форумында: «Оңтүстік — индус-триялды аймақ. Жиынға қатысып отырған жастар облыстағы арнайы экономикалық аймақтардағы индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындармен танысуы қажет»,- деп арнайы тапсырма берген болатын.

Осыған орай форумнан кейін барлық аудан, қалалардан келген белсенді жастар Қазақстанда алғашқы кілем өндіретін «Бал Текстиль» фабрикасына барып, өндіріс жұмыстарымен танысты.

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *