«Гулянканың» орнына балалар үйіне барған жас жұбайлар

635849557337995669Күздің соңғы күндерінде отау тігіп, шаңырақ көтерген Мейірман мен Сәнияның үйлену тойы туралы  Қазақстан жұрты ғана емес, сонымен қатар Қырғызстан мен Өзбекстан халқы да білді. Өйткені, жас жұбайлар үйлену алдындағы серуенде лимузин жалдамады. Қымбат көліктерді қаз-қатар тізбеді. Жолдағы көлік қозғалысын тежемеді.  Мейрамхана аралап кетпеді. Керісінше, ел арасында «гулянка» аталып кеткен дәстүрге жұмсалатын шығынның бәрін қайырымдылыққа арнады.

Дәлірегі, облыстық кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына барып, дастархан жайды. Ондағы ата-анасынан көз жазып қалған, асыраушысынан айырылып, мемлекет қамқорлығына өткен жеткіншектерге   түрлі ертегі кейіпкерлерін шақыртып, шағын той жасап берді. Ең бастысы, оларға ақ көйлектегі қалыңдықты көрсетті. Балалар жас жұбайлармен билеп, ақ тілектерін жаудырды. Осылайша, күйеужігіт Мейірманның «гулянка» орнына қайырымдылық жасап, балаларға қуаныш сыйласам, деген арманы орындалды. Расында идея барша қазақстандықтарды таң қалдырды. Әлеуметтік желілер мен ақпарат сайттары Мейірман мен Сәнияның Балаларды бейімдеу орталығына барған сурет-видеосына толды. #МейірманСәния деген хештег танымал болды.

635849557623121101
Мейірман Сауранбек пен Сәния Сейдуалыханқызы осыдан төрт жыл бұрын жеке компанияда жұмыс істеп жүргенде танысқан. Екі жылдай әріптес ретінде араласып жүреді. Екеуінің де мамандығы – эколог. Кейін жігіт жұмыс орнын ауыстырады. Арадағы байланыс үзілмейді. Тек 2013 жылдың 11 желтоқсаны күні Мейірман Сәнияны романтикалық кешкі асқа шақырып, сезімін білдіреді. Осылайша, 11.12.13 деген дата Мейірман мен Сәнияның «Атау-лы күні» болып қалды. Өйткені, осы күні олардың махаббат әлеміндегі сапары басталды. Ғашықтар үйленіп, отбасын құрды.
«Сәнияның күлкісі менің жүрегімді жаулап алды. Тәрбиесі мен ер адамға деген құрметі мені өзіне баурады» деген Мейірманға балалар үйіне бару туралы идея бір ай бұрын пайда болыпты. Бұл ойын ол дос-жарандарына айтып, дайындыққа кіріседі.

IMG-20151127-WA0008Мейірман Сауранбек, күйеужігіт:
— Қазір қандай да бір іс-шара, қандай да бір жоба болсын, оны адамдар бірінші болып бастаудан қорқып жатады. Ойлана келе «маған неге бірінші бастамасқа» дедім. Қазіргі таңда кредит алып той жасайтындар көп қой. Той алдындағы «гулянканың» өзіне 300 мыңнан 500 мыңға дейін ақша жұмсайды. Сол ақшаны құр босқа далаға шашпай, қайрымдылық мақсатында жұмсаған жөн. Тек қана балалар үйімен шектеліп қалмай, жағдайы төмен отбасыларына да көмек көрсетіп, қарттар үйіне де жұмсаса, жақсы болар еді.

— Келіншегім бастапқыда лимузинге мінгісі келетінін айтты. Кейіннен ақылдаса келе осындай іс-шараны үйымдастыруға келісімін берді. Достарымның арасынан да қарсылық білдіргендер болды. Яғни, жұрттан өзгеше қылып не істемекшісің деген сияқты. Өзімде де бастапқыда қалай болар екен деген қорқыныш болды. Мен өкінбеймін, қайта қуанамын. Өйткені балалардың күлкісін, олардың қуанышын көруден асқан бақыт жоқ екен. Оны сөзбен жеткізе алмаймын. Жүректі елжіреткен ерекше жағдай: бір бүлдіршіннің шетте жылап тұрғаны болды. Жанына барып, не үшін жылап тұрсың деп сұрасақ, «Мен келіншекпен билемедім» деп, өксиді. Менің де көзіме жас келді,-дейді Мейірман.
Оның бұл идеясын іліп кетіп, іске асыруда белсенді атсалысқан «Бізбен бірге» еріктілер мектебі болды. Осы мектептің туризм жетекшісі Балнұр Үпібек ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрді.

12227061_1519819655006036_93988031885964357_nБалнұр ҮПІБЕК,
«Бізбен бірге» еріктілер мектебінің туризм жетекшісі
— Біз осы орталықты таңдаудағы себебіміз, бұл жаққа өте жиі келетінбіз. Барлық тәрбиешілер бізді жақсы танып, балалармен етене жақсы араласып кеткендіктен, осы мекемені таңдадық. Бұл жерде дастархан жаю идеясы Мейірмандыкі болды. Ол өз ойымен бізбен бөліскенде, біз оны қолдадық.

Бейімдеу орталығының басшылығы жастардың бұл ұсынысына қарсылық білдірмей, бірден келіскен. Бірақ, дастарханға қойылатын азық-түліктердің барлығын да зертханалық тексеруден өткізіп, қажетті қауіпсіздік шараларын ескертіпті.
Көпшілік тарапынан қолдау тапқан идеяның бірнеше мақсаты болған. Біріншісі, ол әрине балаларға қуаныш сыйлау. Екіншісі, ысырап қылмай, ата-анасынан жырақта жүрген балаларға нағыз тойдың қызығын көрсету. Үшіншісі, қайырымдылық жасау. Мейірманның бұл мақсаттары орындалды.
Бір ісімен көпке үлгі бола білген жас жұп бүгінде Шымкент қаласында тұрады. 26 жастағы Мейірманның туған жері – Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылы. Ал, 23 жасқа толған қалыңдықтың туып-өскен жері – Мақтарал ауданы. Отағасы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының Сайрам ауданындағы филиалында бизнес-тәлімгер болып қызмет етеді. Келіншегі қаламыздағы Инновациялық Әлеуметтік Академиялық Университетінде экология пәнінен мұғалім. Айтпақшы, Мейірман өз есімінің қойылуын «Мейірімді man» сөзінен шыққан деп те түсіндіреді, әзілдеп.

635849557467958065
Балаларды бейімдеу орталығындағы 40-50 жеткіншектің көңілін көтеріп, жақсылықтың нұрын сепкен жас отбасының арманы – көп перзент сүю. Олар қалыңдық қолынан тәтті жеп, асыр салып билеген балалардың ақ тілегімен отбасылық өмірді осылайша бастады. Жас жұбайлар енді игі бастамаларының жалғасын тауып, үрдіске айналғанын қалайды.

Жәнібек НҰРЫШ

 

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *