Гранттар қандай мамандықтарға бөлінді?

Жыл сайын жоғары оқу орнын бір түлектер бітіріп жатса, енді бірі оның орнына оқуға түсіп жатады. Биылғы жылдың талапкерлерінің де көптен күткен тілегі орындалып, азғана күннен кейін өздері армандаған оқу орнының табалдырығын студент болып аттайды. Олар үшін таңсық болып келген аудитория, оқытушы, деканат, ректорат, кафедра, студенттер үйі, жатақхана, кітапхана, семестр сияқты қызығы мен шыжығы мол өмір басталмақ.

 

32-048

Айта кетейік, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге 67 377 адам қатысты. Олардың 53 162-сі – қазақ, 14 215 орыс мектептерін бітірген. Мемлекет жоғары оқу орындарында білім алу үшін 32 168 грант бөлген болатын. Аталған грант еліміздің 60 жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге берілетін болады. Оның ішінде 500 орын ЖОО дайындық бөлімдері арасында бөлінген және 29 668 грант 1 курсқа қабылдауға арналған. Күндізгі оқу бөлімі гранттарының саны – 29 168 болса, сырттай – 500-ді құрайды. Сол сияқты «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы шеңберіндегі квотаны алу үшін таласқа 6 457 мектеп бітіруші үміткер болды. Конкурсқа «Алтын белгі» төсбелгісінің 2 116 иегері атсалысты.

Сонымен қатар, білім беру грантын тағайындау кезінде мынандай әлеуметтік топтарға квота бөлінген. Жетім балаларға – 483 (былтыр 426 болған), I, II топтағы мүгедектер – 341 ( 2014 жылы – 356), соғысқа қатысушыларға теңестірілген жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша – 20 абитуриент (2014 — 5), ҚР азаматы болып табылмайтын, қазақ ұлтының өкілдері – 1190 (2014 ж. – 1 194).
ҚР «Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, биылғы жылы «Полиграфия» (0,11), «Физика және астрономия» (0,13) және «Механика» (0,25) сынды мамандықтарды оқығысы келетіндер өте аз. Ал «Халықаралық қатынастар» мен заңгер, қаржы мамандықтары әдеттегідей көш бастап тұр екен.
Бұдан бөлек, еліміздің «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» басылымдарында ҰБТ-ның қорытындысы жарияланып, талапкерлердің аты-жөні толығымен жарияланды. Тізімнен табылған талапкерлерді жаңа оқу жылымен құттықтаймыз! Еліміздің ертеңін көркейтетін жастар болғандықтан, білім сапарында толағай сәттілік тілейміз.

32-047

 

Президенттік стипендия алу үшін…

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры ғылыми жұмыспен ізденетін студенттер үшін арнайы стипендияға конкурс жариялайды. Конкурсқа еліміздің жоғары және орта арнаулы (өнер мен мәдениет) оқу орындарының күндізгі бөлімде ақылы және ақысыз бөлімде оқитын студенттері қатыса алады. Қордың стипендиясы (маусым, шілде, тамыз айынан басқа) оқу мезгілінде ғана төленеді.

Байқауға екі курсты жақсы оқығандар, академиялық үздік білім көрсеткіші бар, қоғамдық, ғылыми-зерттеу және кафедра мен оқу орнының тәжірибе жұмыстарына белсене қатысатын, студенттер мен оқытушылар арасында беделге ие жастар қатыса алады.

Қорға 10 қыркүйекке дейін мынадай құжаттарды өткізу қажет:

1. Өтініш;

2. Жоғары оқу орны ғылыми кеңесінің хаттамасымен стипендияға ұсынылған студент жайлы ақпарат;

3. Оқу орнының кандидатының мінездемесі;

4. Соңғы екі жылда оқыған сынақ кітапшасының бағасы көрсетілген тізім;

5. Конкурстар мен олимпиадаға қатысқан ғылыми жұмыстары, ғылыми конференция мен симпозиумға қатысқан тізімдер, шығармашылық және ғылыми-конференцияға үміткер ретінде қатысқанын растайтын басқа да құжаттардың көшірмесі;

6. Жеке куәлік;

7. Ғылыми ізденушіні ұсынған жоғары оқу орнының хаты.

Өзге де ақпаратты толығырақ +7 (727) 270 05 79, +7 (727) 270 05 24
нөміріне хабарласып, алуға болады.

Жансая Сыдықбай

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *