Гранттан қағылғандар…

Гранттан қағылғандар...Мемлекеттік білім гранттарының қорытындысы жариялана салып, оның төңірегінде үлкен дау шықты. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биыл «Алтын белгі» иегері атанған 39 мектеп бітірушісі мемлекеттік білім грантына ие бола алмай қалған. Дейтұрғанмен, олқылықтың орның толтыруға болады дейді сала мамандары. Осы орайда, тиісті сала өкілдерінің пікірін білген едік.

Биыл елімізде 39 «Алтын белгі» иегерлері ғана емес, 8 халықаралық олимпиада жүлдегерлері, 92 ғылыми байқау жеңімпаздары және 293 шығармашылық және спорттық сайыс жүлдегерлері де грантсыз қалды. Осыған орай, еліміздегі барлық ЖОО-на түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Тілге тиек етерлігі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жеңіп алған оқу гранттарының саны бойынша еліміздегі ЖОО арасында дәстүрлі түрде тағы да көш бастап тұрғанға ұқсайды. Талапкерлердің ҚазҰУ-ды таңдауы кездейсоқ емес. Қазіргі таңда жастарымыз үшін сапалы білім алу маңызды өмірлік басымдылық болып табылады және оны еліміздің жетекші оқу орнында алуға болады. Университет түлектері экономиканың сан алуан салалары мен ел өмірінің түрлі аясында сұранысқа ие. Жұмыс берушілер жас мамандарды жұмысқа қабылдарда ҚазҰУ дипломына басымдық береді.

Осы жылы университетке түсушілер негізінен техникалық және экономикалық, сонымен қатар гуманитарлық және жаратылыстану-ғылыми бағыттағы мамандықтарға таңдау жасаған. Сондықтан ең үлкен бәсеке радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, ақпараттық жүйелер, автоматтандыру және басқару, стандарттау, сертификаттау және метрология, биотехнология, аударма ісі, халықаралық қатынастар, құқықтану, қаржы, есеп және аудит, экономика және халықаралық құқық секілді мамандықтар арасында орын алды. Магистратура және докторантураға түсушілер арасында да конкурс өте жоғары екен. Жекелеген мамандықтар бойынша үміткерлер саны бір орынға 20-30 адамнан келіпті. Бұл деген сөз талапкерлер арасында өзара бәсекелестіктің басым болған.

Оқуға түсе алмаған «Алтын белгі» иегерлері мемлекеттік білім грантынан қағылғанымен, ЖОО тарапынан берілетін грантқа қол жеткізулеріне болады. Бұл тұрғыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде және Астанадағы Қазақ инженерлік-техникалық академиясында ректорлық грант қаралып отырғанын айтқымыз келеді. Сонымен қатар, облыстағы оқу орындарында дәл осындай мүмкіндіктер қарастырылып жатыр.

Ауыл квотасы

Биыл мемлекеттік білім гранттарының 4575-ін ауыл квотасы бойынша оқуға түскендер құрады. Ауыл мектебін бітіргені үшін қосымша артықшылықтарға ие болғандар ЖОО-ны тәмамдаған соң мемлекет алдында борыштарын өтеуге тиіс.

Ауылдан түлеп ұшқан жастарды оқытып, жоғары білімді мамандарды ауылдың әлеуетін көтеруге жұмылдыру мақсатында бөлінген квоталар 2007-2008 оқу жылынан бастап беріле бастады. Елдімекендерде тапшылығы айқын сезілетін мамандықтар бойынша жалпы грант санының 30 пайызын ауыл мектептерінің түлектеріне берген мемлекет оқуларын тәмамдаған соң оларды 3 жыл бойы ауылда жұмыс істеуге міндеттейді. Алғашында тек жоғары оқу орны мен студент арасындағы келісімшарт негізінде бекітілген бұл борыш кейіннен «ҚР Білім туралы» Заңымен шегелене түсті.

Осы Заңның 47-бабының 17-тармағында: «Ауылдық квота шегiнде педагогикалық, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтар жоғары оқу орнын бітіргеннен кейiн тиісінше мемлекеттік бiлiм беру ұйымдарында, мемлекеттік медицина ұйымдарында, ветеринария саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлімшелерінде не ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік ветеринария ұйымдарында кемiнде үш жыл жұмысты өтеуге мiндеттi» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Заңның бұл талабын орындамағанның жазасы да дайын: (47-бап, 17-4-тармақ:) «Осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін жас маман өзінің оқуына байланысты бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды өтеуге міндетті». Яғни, ауылға барудан бас тартқан маман өзінің білім алуы үшін қазынадан бөлінген қаржыны әр теңге, тиынына дейін санап, мемлекетке қайтаруы тиіс.

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *