Ең үздік жас сәулетші Мұхтар Арынғазиев

Шаһар шырайын келтіретін ғимараттар мен нысандардың басында тұрған сәулетшілердің жұмысын бағаламауға болмайды. Еңбегі еленген сондай жанның бірі – Мұхтар Арынғазиев. Ол «2016 жылдың ең үздік жас сәулетшісі» атанды.

«Сәулет өнері – техниканың, ғылымның, өнердің тоғысқан жері» деп білетін жас сәулетші 1988 жылы Қызылорда облысында дүние есігін ашып, 3 жасқа толғанында отбасы Шымкентке көшіп келеді.

Күнгейде мектеп жолын аяқтап, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Сәулетші» мамандығын қызыл дипломмен тәмамдайды. Содан кейін Алматыдағы Қ. Сәтпаев атындағы университетінде дәл осы сала бойынша магистратураны оқып шығады. Бұл саланы таңдауын жастайынан байқалған сурет салуға деген махаббатпен, құлшыныспен байланыстырады.

2011 жылы еңбек жолын ОҚО сәулет және қала құрылысы басқармасында бастаған жас маман алдына үлкен талаптар мен міндеттер қойды. Шымкент қаласында төңірекке көрік беріп тұрған ғимараттардың біразында жас сәулетшінің қолтаңбасы бар. Тәуелсіздік саябағын көркейту жұмыстарына қатысты.

жұмыстың басым бөлігі сәулетшілерге жүктелгенімен, олардың есімдері көлеңкеде қалып қояды. Десе де, сағы сынбай, керісінше, шыңдала түскен Мұхтар көптеген басқа да жобалардың басы-қасынан табылады. Жас дарынға белгілі сәулетші Бақытжан Әшірбаев бағыт-бағдар беріп, қанатын қатайтып, шабытын ашуға көмектеседі.

Сәулет және қала құрылысы басқармасындағы сәулетшілер жобаларын қағаз бетіне түсіріп, қорғап шыққан соң ол жоғарыдағыларға жіберіледі, бірақ бұл мемлекеттік мекеме болғандықтан көбінесе жастардың идеясы емес, басшылықтың тапсырмалары орындалады.

6 жылға жуық сәулет саласында еңбек етіп келе жатқан маман кез келген істің кілті – еңбекте екенін айтады. Талантын шыңдау үшін жеке тапсырыс алып, біліктілігін арттырып отырады.
Жас сәулетші өз саласына қатысты бірнеше мәселелерге тоқталып кетті. Мысалы, көпшілік Қазақстанда тек Алматы мен Астанада сәулет дамыған деп есептейді.

Оның айтуынша, барлық қалалардың сәулеті бір деңгейде, тек сұраныс пен ақшаға келіп тіреледі. Астана мен Алматыға, әрине қыруар қаржы бөлініп жатқанда, ең мықты деген сәулетшілер мен құрылыс компаниялары сол қалаларға қарай ағылады. Қаржы мен сұраныс аз болса соған сай жұмыс атқарылады. Тағы бір нәрсе, халық бір зәулім ғимаратты көргенде онда тек құрылысшылардың ғана еңбегі бар деп есептейді. Шын мәнісінде, жұмыстың басынан аяғына дейін жанынан табылатын – сәулетшілер. Олар — ғимараттың әр миллиметрін өлшеп, жоба-нобайынан басты бағыты, мазмұн-идеясы көрініп тұруына мән береді.

«Жаңа жылда қандай бағытта жұмыс атқарылатыны әлі нақтыланбаған, десе де облыс басшылығының соңғы тапсырмасы туризмді дамыту болғандықтан, осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз» деді 2016 жылдың «Үздік жас сәулетшісі».

 Дайындаған — Әлия Әділбек

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *