Емтихан мен ҰБТ-ның жаңа ережесі

Енді барлық түлек ҰБТ-ға қатысуға міндеттелмейді. Жоғары оқу орнына түскісі келетіндер ғана Ұлттық тестілеуден өтеді. Ал қалғандары мектеп бітіру емтиханын тапсырады. Дәстүрлі ҰБТ-ға дайындық жұмыстары айқын болатын. Талапкерлер тест жаттап, мектеп оқулықтарын бір қайталап шығатын. Ал жаңа формат бойынша ҰБТ-ны қалай тапсырады, нені білу керек?

Бірінші кезең: 

Қорытынды аттестаттау емтиханы

Мектептегі соңғы аттестация немесе бітіру емтихандары 29 мамыр – 9 маусым аралығында бес пән бойынша жүргізіледі.
Бірінші емтиханда, яғни қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша өткізетін сынақта 300 сөзден тұратын эссе жазуың керек. Үш түрлі тақырып ұсынылады. Солардың бірін таңдайсың.
Екінші емтихан — орыс тілі (қазақ тілі) пәні бойынша жалпы 40 тест тапсырмасы-нан тұрады. Емтиханды тапсыруға 80 минутың бар. Сұрақтар үш блокқа бөлінеді: лексикалық-грамматикалық, тыңдалым және оқылым.
Ал Қазақстан тарихы пәнінен үш сауалға ауызша жауап бересің.
Алгебра және анализ бастамалары пәні бойынша 5 тапсырмадан беріледі. Оларды шешу үшін 5 сағат уақытың бар.
Соңғы емтихан таңдаған пәнің бойын-ша өтеді. Берілген 80 минуттың ішінде 40 тест тапсырмасына жауап бересің. Тең жартысының бір дұрыс жауабы болса, қалған 20 сұрақтың бірнеше дұрыс жауабы болады. Сондықтан сұрақтар мен жауапқа мұқият болған жөн.
Айта кету керек, қазақ мектептерінің оқушылары үшін орыс тілі пәнінен, орыс мектептері үшін қазақ тілі пәнінен және таңдау пәні бойынша өткізілетін емтихандар бір күнде, қалған үш пән бойынша өтетін емтихандар үш күнде өткізіледі. Сынақтарды өз мектебіңде тапсырасың.

Екінші кезең:
ЖОО-ға түсу емтиханы

ҰБТ жылдағыдай Ұлттық тестілеу орталығының аймақтардағы 165 тестілеу пунктінде 20 маусым – 1 шілде аралығында өтеді. Жаңа формат бойынша ҰБТ-да барлығы 120 сұрақ бар. Үш міндетті пән: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы және екі бейіндік пән.
Үшеуінде 20 сұрақтан, яғни барлығы 60 сұрақ. Әр сұрақта бес жауап нұсқасы бар. Бес жауаптың біреуі дұрыс. Әр дұрыс жауап 1 баллға есептеледі. Бейіндік пәндер бойынша 20 сұрағына бес жауап нұсқасы берілген. Сол бес жауап нұсқасының біреуі ғана дұрыс. Сәйкесінше әр дұрыс жауап 1 баллдан есептеледі.
Қалған 10 сұраққа сегіз жауап нұсқасы беріледі: сегіз жауап нұсқасында бір, екі немесе үш дұрыс жауап болуы мүмкін. Тест тапсырушы барлық дұрыс жауапты белгілесе 2 балл, ал біреуінен қателессе 1 балл алады.
Мәселен, бір сұраққа берілген 8 жауап нұсқасының 1 ғана дұрыс жауабы бар. Талапкер сол дұрыс жауапты берсе, 2 балға есептеледі. Немесе тағы бір сұрақтың 8 жауап нұсқасында 3 дұрыс жауабы бар делік. Оның 3 нұсқасын да дұрыс белгілесе, 2 балл, ал екеуін немесе біреуін ғана дұрыс белгілесе 1 балл алған болып саналады. Мұның барлығына 3 сағат 30 минут беріледі. Максималды балл 140, шекті деңгей – 50 балл. Шекті деңгей жинамаған талапкердің 2017 жылдың тамызы мен 2018 жылдың қаңтарында қайта тапсыру мүмкіндігі бар.

ЖОО-на түсетін техникалық және кәсіби білім орындарын бітірушілерге

Техникалық және кәсіби білім орындарын бітірушілер ЖОО-да білімін жалғастырғысы келсе, онда тапсыратын ТКТ (талапкерлерді кешенді тестілеу) талаптары да өзгерді. Бұған дейін колледж түлектері тестті мектеп білімі негізінде тапсырса, ТКТ-дің жаңа форматында колледжде алған білімі де ескеріледі. Кешенді тестілеу барысында талапкерлер 60 сұраққа 100 минутта жауап береді.

Ұстаздар да тест тапсырады

Шымкенттің 11 сыныпқа білім беретін ұстаздары өз пәні бойынша ҰБТ-ның жаңа форматында тест тапсырып жатыр. Қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның сөзіне сенсек, тестілеуге шаһардағы барлық мектептің мұғалімдері жұмылдырылады. Әр ұстаз өз пәнінен мектеп бағдарламасы бойынша ұсынылатын 30 сұраққа 45 минутта жауап беруі тиіс. Сұрақтар ҰБТ кезінде оқушыларға келетін тест сұрақтарынан құралады.Сынақтан сүрінген педагогтар білім бөлімінің әдістемелік орталығымен бірігіп даярлаған қосымша оқыту курстарынан өтеді. Шымкенттегі 129 мектепте 14 мыңнан астам педагог қызмет етсе, оның 1955-і 11 сыныпқа сабақ береді.

Әлия ӘДІЛБЕК

Comments
  1. Алтынбек

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *