ЭКСПОға еріктілер қабылданады

«Астана EXPO-2017» халықаралық көрмесіне біздің өңірден 100 ерікті аттанады. Оңтүстіктен Елордаға барып, әлемдік деңгейдегі іс-шарада бір кісідей қызмет етуге аттанатын ерікті жастар дайындықтан өтіп жатыр. Оларға ұйымшылдық қабілеттен бөлек, тағы қандай қасиеттер керек? Осы туралы Оңтүстік Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» жанынан ашылған «Бізбен бірге» еріктілер мектебінің жетекшісі Ботакөз Ізтілеумен сұхбаттасып, білдік.

botakoez
— Ботакөз, осындай зор мүмкіндікке ие болған азаматтар қалай іріктелді?
— Шетелден келетін қонақтарымызды жоғары деңгейде қарсы алып, Қазақстанның бар мүмкіндігімен таныстыру – үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан іріктеу барысында барынша қатал болуға тырыстық. Қойылған ең басты талаптар: үміткердің жасы 18-де болуы шарт, қазақ, орыс және ағылшын тілін жетік білуі керек. Қосымша басқа тілдерді біліп жатса, тіптен жақсы. Ешқандай ауыр дертпен ауырмайтыны туралы анықтамасы, психикалық-нервологиялық, наркодиспансерлік анықтамалар міндетті түрде сұратылды. Жалпы, 500 өтініш түсіп, соның ішінен 100-ін таңдап алдық.
— Ерікті ретінде баруға ниетті және жоғарыда айтылған критерийлерге сай жастардың қатарына қосылуға әлі де мүмкіндік бар ма, әлде іріктеу кезеңі аяқталды ма?
— Өмір деген күтпеген жайларға толы, алда не боларын білмейсіз. Мысалы бір жыл алдын іріктелген 100 еріктінің тек 35-і ғана қалды. Бірі үйленді, бірі тұрмысқа шықты, бірі көшіп кетті дегендей. Сол себепті осы жылдың көктемінде қайта таңдау жүргізіп, орындарын толықтырдым, қосымша резервке 50 адамды да алып қойдым. Әлі де өтініштерді қарастырып жатырмыз. Қазіргі резервтегі жастардың бәрі де нақты барады деген 100 пайыздық сенім жоқ. Соған байланысты қатарымызға қосылғысы келген еріктілерге әрқашан есік ашық. Мысалы қысқы универсиада ойындарына әлі еріктілер іріктелмеді. Бұл да өте маңызды шаралардың бірі. Одан басқа облыс, рес-публика көлемінде жастармен әр түрлі форумдар жиі ұйымдастырылады. Оған да еріктілер аса қажет.
— Бұл жұмыс жауапкершілікті талап етеді деп атап өттіңіз. Еріктілерді даярлау қалай жүріп жатыр?
— Еліміз бойынша көрмеге аттанатын еріктілерді даярлауды 16 өңірге бөліп, 16 координатор тағайындалған. Біздің өңір бойынша бұл жұмыс маған жүктелеген. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы басшылығы қоординаторлардың жиі басын қосып, тереңдетілген сабақтар жүргізеді. Біз өз кезегімізде оны еріктілерге үйретеміз. Әзірге оқу курстары басталмады. Қаңтар айынан бастаймыз. Бірнеше бағытта жұмыс жасайтын боламыз: еріктінің дағдылары, психология, төтенше жағдайларда не істеу керек, алғашқы көмек көрсету, сонымен қатар Қазақстан тарихын оқытамыз. Себебі, қаншама елден келген азаматтар келген жерінің тарихын білгісі келеді.
— Көрмеге қашан барасыз-дар және қанша уақыт боласыздар?
— Қазірге нақты айтқан жоқ. 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында әр өңірдің еріктілері бір ай жұмыс атқаруы тиіс. Бізде осы үш айдың бірінда аттанып, бір ай бойына «EXPO-2017 Астана» павильондарында жұмыс жасаймыз.
— Еріктілер жалақы талап етпейтінін білеміз. Сонда да оларға мүмкіндіктер жасалған шығар?
— Иә, әрине. Еріктілеріміздің өңірімізден Астанаға жетіп алғанға дейінгі шығынын облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы көтереді. Ал бір ай бойы көрмедегі шығынды «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы төлейді. Компанияның жасаған мүкіндіктері: бірегей форма, үш мезгіл құнарлы тамақ, бір павильоннан басқа павильондарға еркін кіріп шығуға мүмкіндік беретін карточка. Астана қаласындағы жолақысын толық төлейді және Астана қаласының ЖОО-ның жатақханаларына орналастырылады.
— Еріктілерге нақты қандай жұмыс жүктеледі?
— Біз компания ұсынатын кез-келген жұмысқа дайынбыз. Еріктілерімізді әр түрлі бағытта жұмыс жасауға бөлеміз. Мысалы бір топ еріктілер гид-экскурсоводтық жұмыс атқарса, енді бірі көрме инфрақұрылымының объектілері мен элементтерінің орналасу орны туралы келушілердің хабардар болуын қамтамасыз етуі тиіс. Басқалары – келушілерге билет беруге, жеке заттары жоғалған жағдайда көмек көрсетуге және іздестіру бюросымен бірлесіп жұмыс істеуге, медпунктердің қызметкерлеріне көмек көрсетуге және көрме әріптестерімен және демеушілерімен бірге жүруге жауап береді. Көлік-еріктілер кешен тұрақтарында автомашиналардың ағынын реттейді, көліктің уақтылы ұсынылуын және көрмеге келушілер мен қатысушылар бағытын қамтамасыз етеді, т.б. Жұмыс сегіз сағаттан үш ауысым. Түнгі ауысымға түскен еріктілерге еш уайымдамауға болады, себебі көрме территориясы жіті қорғауға алынған. Еріктілердің қауіпсіздігіне жауап береміз. Ал бос уақытында еріктілер уақытын қалағанша тиімді өткізе алады. Тағы бір ескеретін жайт, біз тек көрме ішінде ғана жұмыс жасаймыз. Келген қонақтар көрмеден тұратын жайына дейін шығарып салуды сұраса, біз көмек бере алмаймыз.

Сұхбаттасқан – Әлия ӘДІЛБЕК

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *