Дипломмен ауылға кімдер барады?

дип

Фото http://stydenty.ru/ сайтынан алынды

Қолына дипломын алған жас маманның кез келгені еңбек жолын қаладан бастағысы келеді. Бірақ, бәріне бірдей жұмыс табыла бермесі анық. Содан әйтеуір күн көрудің амалы үшін екі қолға бір күрек табуға тырысады. Нәтижесінде диплом сандықтың түбінде шаң басып қалуда. Осы жағдайға байланысты Ауыл шаруашылығы министрінің қолдауымен «Дипломмен ауылға» жобасы қолға алынды. Мақсат — жұмыссыз жүрген мамандарды елді мекендерге жұмысқа орналастырып, ауылдың жағдайын көтеру болатын. «Дипломмен ауылға» бойынша көрсетілетін қолдау туралы мәліметпен жұртшылық таныс. Бірақ, ол ақпар шындыққа сәйкес келе ме? Жалпы жобаның орындалу барысы қандай? Жұмысқа орналасу үшін қандай құжаттар қажет? Бұл сауалдарға жауап алу мақсатында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мен жастар орталығына хабарластық. Ондағылардың берген мәліметін саралай келе төмендегі кеңестерді ұсынып отырмыз.

ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР ҚАЖЕТ?
1) өтiнiш (үлгі бойынша);
2) жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі;
3) жаңа жұмыс орны бойынша кадр қызметi куәландырған еңбек кiтапшасының көшiрмесi;
4) азаматтарды тiркеу кiтабының (үй кiтабының) немесе тиiстi елдi мекенде тұратынын растайтын анықтама көшiрмесi;
5) бiлiмi туралы диплом көшiрмесi;
6) салық төлеушiнi тiркеу туралы куәлiгiнiң көшiрмесi (СТТН);
7) әлеуметтiк жеке кодты беру туралы куәлiгiнiң көшiрмесi (ӘСК);
8) жылжымайтын мүлiктiң бағалау актiсi (бюджеттiк несие алу үшiн);
9) тұрғын үй салу үшiн берiлген жер учаскесiн пайдалану құқығы актiсі (бюджеттiк несие алу үшiн).
Құжаттар салыстыру үшiн түпнұсқада және көшiрме түрiнде ұсынылады. Содан кейiн құжаттардың түпнұсқасы қатысушыға қайтарылады. Айта кетейік, ережеде көрсетілмеген басқа да құжаттарды талап етуге жол берiлмейдi.

Керек кеңес…
— Әкiмшi тиісті құжаттарды қабылдаған күннен бастап бес күнтiзбелiк күн iшiнде оларды комиссияға жiбередi;
— Комиссия әкiмшiден құжаттардың келiп түскен күнiнен бастап он күнтiзбелiк күннiң iшiнде ұсынылған құжаттарды қарастырады және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмдiгiне маманға әлеуметтiк қолдау шараларын көрсетуге ұсыныс жасайды;
— Аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмдiгi комиссияның ұсыныстары келiп түскен сәттен бастап он күнтiзбелiк күннiң iшiнде мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну туралы қаулы қабылдайды;
— Қаулы қабылданғаннан кейiн жетi күнтiзбелiк күннiң iшiнде әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну туралы келiсiм жасалады;
— Әкiмшi жетi күнтiзбелiк күннiң iшiнде көтерме жәрдемақысының сомасын мамандардың жеке есепшоттарына аударады немесе отыз жұмыс күнi iшiнде тұрғын үй сатып алуға болмаса салуға несие ұсынылуы тиіс.

ҚАНДАЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ?
— жетпіс еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы төленеді. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 айлық есептік көрсеткіш 1 852 теңгені құрайды. Нәтижесінде жоба бойынша қатысушы 129 640 теңге көлемінде жәрдемақы алады;
— қажеттілігіне қарай тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік қолдау арқылы 1500 еселік айлық есептік көсреткіш (2 778 000) деңгейінде 15 жыл мерзімге 0,01 пайыздық мөлшер бойынша бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Қолдау тапқаннан кейінгі міндет:
1. Әлеуметтiк қолдау шараларын алған күннен бастап 60 жұмыс күнi iшiнде комиссияның жұмыс органына бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылғаны туралы растау құжаттарын беруі тиіс;
2. Меншiгiне сатып алынған немесе салынған жылжымайтын мүлiктi әдiлет органдарында тiркегеннен кейiн сенiм бiлдiрiлген өкiлге (агентке) тұрғын үйге арналған құжаттардың түпнұсқаларын осы келiсiмдi кемiнде бес жыл мерзiмге қамтамасыз ету жөнiндегi кепiл ретiнде беруге міндеттеледі;
3. Келiсiмнiң шарттары орындалмаған жағдайда әлеуметтiк қолдау шаралары ретiнде алынған бюджет қаражатын толық көлемде қайтаруды қамтамасыз етуге мiндеттi;
4. Егер де жоғарыда аталған әлеуметтік қолдау шаралары жоба қатысушысына берілсе, міндетті түрде ауылдық елді мекенде 5 жыл жұмыс істеуі қажет. Сатып алынған тұрғын үй сол кезеңде банкте кепілде тұрады.
5. Әкімдікке тоқсан сайын жұмыс орнынан анықтама ұсынып отыруы керек.

Арман АБДУЛЛАЕВ,
ОҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

Арман Абдуллаев— «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және ынталандыру мәселелері жөніндегі заңы 2009 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді. Содан бастап «Дипломмен ауылға» жобасы жүзеге асырылуда. 2010-2013 жылдар аралығында біздің облыста денсаулық сақтау саласының — 735, білім беру бойынша — 1558, әлеуметтік қамсыздандыру саласының — 13, мәдениет саласының — 23, ветеринария бойынша — 25 және спорт саласының 24 маманына 262,4 млн теңге көлеміндегі біржолғы көтерме жәрдемақы берілді. Осы ретте айта кетейін, ереже бойынша әлеуметтік қолдау шарасын алған маман міндеттеме шартын бұзса, алған қолдау шарасын бюджетке қайтаруы тиіс. Ағымдағы жылдың ақпан-наурызында мұндай әрекетке барған 49 маман анықталды.
Дәулет ӨТЕБАЕВ,
«Дипломмен ауылға» жобасының қатысушысы:

Даулет Отебаев

— Түркістан қаласындағы Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алып, 2011 жылы жалпы тәжірибелі дәрігер маманы атандым. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 2011-2014 жылдар аралығына келісімшартқа отырып, Сарыағаш ауданына қарасты Құркелес елді мекеніндегі емханаға жұмысқа орналастым. Биыл келісімшарт мерзімі аяқталады. Осы жылдар аралығында біраз тәжірибе арттырдым деп айта аламын. Жас маман ретінде мемлекет тарапынан қабылданған аталған жобаны қолдаймын. Тек бір айта кетерлігі, жас маман көрсетілетін қолдауға қол жеткізу үшін біраз есікті қағып, табан тоздыруына тура келеді. Сондықтан алдағы уақытта әлеуметтік қолдау бір мекеменің міндетіне жүктелсе деген ұсынысым бар.

10

 

Дайындаған — Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ.

Comments
  1. Бота
    • Фаризан
  2. Акмарал
  3. Ботагоз
  4. Айгул
  5. gulnur
  6. Асел Жақсыбаева
  7. Есенханов Айбек

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *