«Белсенді жастардың ортасына достық үшін келдім»

9 талгат есжан

Талғат Есжан

Жылдың соңы таяп, әр сала өз мықтысын анықтап жатқан тұста қаламыздағы жоғары оқу орындары да осы науқаннан шет қалмады. Дәлірегі М. Әуезов атындағы ОҚМУ-ның  «Жастар орталығы» мен «Қазақстанның студенттер альянсы» бірлесіп, аталмыш университеттің үздік студенттерін анықтады. «Үздік топбасшыдан» бастап «Үздік кәсіпкерге» дейінгі барлығы 10 номинацияның иегерлері белгілі болды. Ал, ең басты атақ — «Үздік студент-2015» номинациясы IV курста оқитын Есжан Талғатқа бұйырды.  Осынау іргелі оқу ордасындағы ұзын саны 15 мыңнан асып жығылатын жастың арасынан суырылып алға шыққан Талғаттың мамандығы  — мұнайшы. Облыстағы жастар саясатының бел ортасында жүргендердің бірі. Университеттің студенттік ректоры. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Алғыс хатын алған жас.  Арманы біреу, ол – елдің адамы болу. 

21 жастағы Талғат Қазыбекұлының туған жері — Арыс қаласы. Оқушы кезінен-ақ өлең-жырға құмартып, қазақ әдебиеті пәнінен республикалық деңгейдегі түрлі олимпиадаларға қатысқан. Келешек кәсібім гуманитарлық салаға қатысты болады деп таңдау қойып жүрген оның арман-мұраты 11 сыныптың екінші жартысында күрт өзгереді. Шабыт келсе қолына қалам ұстап, өлең жазатын жігіт техникалық кәсіпті игермекке ден қояды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жинаған 111 ұпаймен мұнай-газ саласының білім грантын жеңіп, 2012 жылы студент атанды.
«Үш тілді еркін меңгеріп, мұнай-газ саласының мықты кәсіби маманы боламын» деп өз-өзіне талап қойып, университетте I курсты тек білім алуға арнапты. Қоғамдық іс-шараларға көңіл бөлмей, өзін оқшау ұстайды. Бірақ, Талғаттың бойындағы басқарушылық қабілеті мен еңбекқорлығын байқаған жоғары курс студенттері оны өз қатарларына тартады. Олардың неліктен Талғатты таңдағанын, өз айналасындағы жастар туралы ой-пікірінің қандай екенін «Үздік студенттің» өзінен сұрап білдік.

9 футбол

— Талғат, сен университетке «Мен тек оқуға ғана оқуға көңіл бөлемін» деп келдің. Бірақ, қазір қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрсің. Не себеп болды?
— Мұндағы жоғары курс студенттері мені белсенді жастардың ортасына шақырды. Содан «Студенттердің өзін-өзі басқару» орталығына келіп, екі-үш күн жүрдім. Санасы бар адам осы аралықта ойланып, «осында соңына дейін жүремін, не жүрмеймін» деп шешім шығарады ғой. Ойлана келе білгенім, мен өз тобымда жүрсем, тек механика және мұнай-газ факультетінің студенттерімен ғана араласады екенмін. Ал, мұнда осы университеттің 14 факультетіндегі барлық студенттермен танысып, араласамын. Сонда менде ертең экономика, ауыл шаруашылығы, спорт, филология және тағы басқа салалар бойынша достарым болады. Белсенді жастардың, яғни элиталы ортасына достық үшін, жақсы достар табу үшін келдім. Элиталы ортаның бір бөлшегі болғым келді.
— Енді осы өзің айтқандай белсенді жастардың ортасындағы алғашқы ауқымды жұмысың қайсы?
— Бала кезімнен ақындықты және спортты жаным жақсы көретін. Қоғамдық жұмыстарға араласқан кезде де сол ақындығымды көрсеттім. Маған жай жатқан ұнамайды. Үнемі қозғалыста болып, бір шаруа тындырып жүремін. Осы орайда өзім студенттік ортаны, университет өмірін зерттей келе 2013 жылы «Жас ақындар клубын» құрдым.
— Клубтың мақсаты қандай еді?
— Бізде бүгінде ақындарға деген көзқарас оң емес. Жас ақын деп менсінбей, мысқылдап жатады. Екінші жағынан, жоғары оқу орындары өздерінде оқыған студенттері кейін атақ-даңқа ие болғанда, олармен мақтанып жатады. Ал, мен бүгінде бізде оқитын ақындығы бар студенттерді республикалық деңгейде танытып, университетіміздің атын шығаруына күш салғым келді. Міне, осы себепті жас ақындардың басын қосатын ұйым аштым. Осындағы шығармашылық қабілеті бар 80 -ге жуық қыз-жігіттердің басын қостым. Олардың қатарында ақындық, жазушылық, не ораторлық дарынға ие құрдастарымыз болды. Осы клубтан қазіргі таңда мақтанышымызға айналған Әлімжан Әлішер, Мұқағали Кенжетайұлы сынды ақын жігіттер шықты.
— Сен қазір студенттік ректорсың. Құрбы-құрдастарыңның арасында қандай мәселе жиі кездеседі?
— Қазіргі таңда көп студенттер білімге құштар емес. Ізденбейді. «Елімнің дамуы үшін, Отанның бөлшегі болу үшін не істеп жатырсың» деп сұрасаң, «әлі жаспын, уақыт алда ғой» деп жауап береді. Мені осы қынжылтады. Тағы бір алаңдайтыным, қазіргі жастардың көбі «жұмыс жоқ» деп тұрады. Адам ізденіп, талпынса, болашағы жарқын болады. Жұмыс жоқ емес, бар. Ол үшін өз саласының мықты маманы бола білу керек. Ізденісті қазірден бастау қажет.
— Үш тілде жетік меңгеруді мақсат еттің. Үйрендің бе?
— Қазақ тілі – ана тілім. Орыс тілінде де еркін сөйлеймін. Ағылшын тілін үйрету курстарына барып жүрмін.
— Келесі жылы оқуды тәмамдап, қолыңа диплом аласың. Алдағы жоспарың қандай?
— Жоспарым көп. Мемлекеттік қызметке баруды да ойлап жүрмін. Мұнай-газ саласы бойынша алған білімімді қажетке жаратқым келеді. Қазір өзім бел ортасында жүрген жастар саясатымен де айналыссам деймін. Диплом алғаннан кейін магистратурада оқуды жалғастырмақпын.

9 жастар
Келешекте мемлекеттік қызметкер болсам деген арманы бар Талғат университеттегі студенттік жұмысынан тыс уақытында футбол ойнайды. Жылқыға жаны құмар. Айына екі рет ипподромға барып, атқа мінеді. Қазір ол республикалық «Жыл студенті» байқауына қатысуға дайындалып жатыр.

Жәнібек НҰРЫШ

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *