Астана Қарғабай, «X Factor Қазақстан-2015» жеңімпазы: «Продюсермен жұмыс істемеймін»

b94RGSvqKL4
Астананы ән өнеріне алып келген — ата-анасы. Әкесі Қарғабай он жастағы баласының бойындағы әнге деген құштарлығын байқап, бастапқыда фортепиано сыныбына оқуға береді. Фортепианоның негізін үйренгеннен кейін, вокалдан сабақ алады. Музыкалық білімінің іргетасы сонау бастауыш сыныптардан қаланған Астана мектеп қабырғасында жүргенде-ақ түрлі халықаралық байқауларға қатысқан. Әрдайым жүлдемен оралады.

Атап айтқанда, Грекияда, Түркияда өткен «Бегущие по волнам» ән байқауының бас жүлдесін ұтып алды. Бұл 2006-2007 жылдар болатын. Өзінің ән айтуға деген дарынының бар екеніне сонда көзі жеткен ол шығармашылыққа біржола ден қояды. Республикалық жобаларға қатысуды құп көрген жігіттің ең алғашқы бақ сынаған байқауы — «Қазақстан дауысы» жобасының алғашқы маусымы. Көрмей тыңдау кезеңінен өтіп, тәлімгер Нұрлан Албанның тобына түскен болатын. Өкінішке орай, жобаның орта тұсында жарыс жолынан шығып қалды. Кейін тек «X Factor Қазақстанға» ден қойды. Неге бұлай болғаны және бүгінгі жеңімпаздың келешек жоспары туралы Астананың өзінен сұрап білдік.
— «X Factor Қазақстан» жобасына қатысуыңа не себеп болды?
— Мен таңдаған ба­ғыт, ол – таза эс­тра­далық бағыт. Жастарға арналған ба­ғыт. «X Factor» жобасының форматы сондай болды. Сон-дықтан мен соған бет бұра бастадым.
— Бұл жобаға 2014 жылы да қатысып, бірақ шығып қалдың. Неліктен?
— Иә, мұнан алдын бір рет қатысып, үшінші турдан жарысты аяқтадым. Ол кезде Нағима Есқалиеваның тобына түскен едім. Біраз кемшіліктер болды. Мысалы, ән дұрыс таңдалмады және тағы басқа себептер. Содан тағы бір жыл бойына дайындалып, қайта бағым-ды сынадым. Еңбегім еш кетпеді. Жеңіске жеттім.
— Қандай дайындық жасадың?
— Ән таңдауды үйрендім. Өйт-кені, әншіні жарыққа алып шығатын нәрсе, ол – жүрегіне жақын әндерді орындау. Мен әртүрлі жанрдағы әндерді тыңдай бастадым. Жаныма жақындарын таңдап, бөлек параққа жазып алып жүрдім. Вокалдан сабақ алдым. Бірақ, аса қатты дайындалдым деп айта алмаймын. Өйткені, университет бітіретін жыл. Уақыт тығыз болды.
— Сенің қазіргі мамандығың инженер-технолог. Ән өнеріне қатысы жоқ сала. Алдағы уақытта мамандығыңды ауыстыру жос-парда бар ма?
— Иә, бар. Бірақ, өнерден басқа сала. Яғни, не заң, не журналистика, не экономикаға қатысты мамандық бойынша екінші жоғары білім алсам деймін. Өнерге келетін болсақ, мен әншілікті тастамаймын. «X Factor» жобасынан жеңіп алған ақшамның көп бөлігін музыкаға арнаймын. Ән жаздырамын, сәті келіп жатса, клип түсіруге тырысамын.
IMG-20160108-WA0003— Сен үшін екінші «X Factor» қалай өтті?
— Өте ерекше болды. Үлкен қолдауды сезіндім. «Қауіпті аймаққа» бір де бір рет түспедім. Бұл қолдау мен сенімнің арқасы. Осы үшін де көрермендеріме әрдайым алғыс айтамын. Және бұл жолы әнді форматына қарай таңдамадым. Жаныма жақын, жүрегімнен орын алатын әндерді орындадым. Соған қатты көңіл болдым.
— Алдын қатысқанда Нағима Есқалиеваның, кейінгі маусымда Нұрберген Махамбетовтың тобында болдың. Қатысушының сәтті өнер көрсетуіне тәлімгер қаншалықты әсер етеді?
— Әсері өте үлкен. Тәлімгердің рөлі зор. Себебі, ән таңдауда, қойылым көрсетуде, жеке психоло-гиялық қолдау беруде тәлімгер үлкен мәнге ие. Жеңіске жету жолындағы еңбектің жарты бөлігі тәлімгердікі. Барлық тәлімгерлер ерекше құрметпен қарады.
— Алдында үшінші турдан шығып қалуыңызға тәлімгердің ықпалы болды ма?
— Жоқ. Олай айта алмаймын. Себебі, бастапқыда ән таңдау, бәрі-бәрі өзіміздің мойнымызда болды. Менің таңдаған әндерім дұрыс емес болып шықты. Дұрыс емес деп айту да қате. Ән – жақсы. Бірақ, форматқа сай келмеді. Себебі, мен қазақи ән шырқадым. Ал, ондағы формат мүлдем басқа. Сондықтан, жобадан шығып қалдым.

qewtyumxMjk— Жеңіп алған 7 млн теңгені қайда жұмсадыңыз?
— 7 млн теңгені әлі алмадым. Өйткені, екі ай ішінде түседі. Кіші-гірім бөлігін тұрмысқа, үй ішіме жұм-саймын. Қалған 70-80%-ын тек қана музыкаға арнаймын. Себебі, бұл қаржы адамдардан жиналған. Адамдар мені тек жай ақша алсын деп қолдаған жоқ. Ертеңгі күні осының көмегімен бір ән шығарып, қазақ өнерін алға дамытып, өзінің сара жолын салар деген оймен дауыс берді. Сол себепті де бұ жетістігіммен тоқтап қалғым келмейді.
— Ән жаздыртасың ба?
— Иә, енді жаздыртамын. Бірақ, оның сөзін өзім жазбақпын. Бір ән жаздыртуға 2-3 мың доллардай қаржы жұмсалады.
— Продюсерің бар ма?
— Жоқ. Продюсермен жұмыс істеуге менің де ынта-ықыласым болмай отыр. Өйткені, продюсер сенің форматыңда өзгертіп, өзіне қажеттісін ұсынады. Сондықтан да, өзіме бір директор алып, продюсерсіз жұмыс істеймін. Екінші жағынан әлі күнге дейін ешбір продюсер хабарласпады. Ұсыныс түспеді.
— Бір отбасының жалғыз перзентісің. Әкең мен анаңның мамандықтары қандай? Олар ән айтуыңа қарсы болмады ма?
— Әкем – қазір зейнетте. Мамандығы – инженер-технолог. Ал, анам – дәрігер. Еш қарсы болмады. Бірақ, ер адам басқа мамандық алуы керек деп айтқан.
— Астана деген есімің ерекше екен. Кім қойды бұл есімді?
— Әкем қойған. Өйткені, менің атамның екі інісі болған. Біреуінің есімі – Мейірбек, екіншісі – Астана. Екеуі де соғыста қаза тапқан. Әкем сол екі ағамның құрметіне есімімді Астана деп қойды.
— Әңгімеңе рахмет. Шығар-машылығыңа сәттілік!

Өмірбаяны:

Астана Қарғабай – 1993 жылы 22 қарашада Түлкібас ауданының Жиенбай ауылында дүниеге келген. Астана бір жасқа толғанда отбасы Шымкент қаласына қоныс аударады. Қаладағы №2 орта мектепте оқып жүріп, 4-сыныптан музыкалық білім алуды бастайды. Әртүрлі музыкалық аспаптарға үйрететін сыныптарда оқиды. Мектеп бітірген соң, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Құрылыс материалдары технологиясы» мамандығына оқуға түседі. 2015 жылы «инженер-технолог» мамандығы бойынша диплом алды. «X Factor Kazakhstan-2015» жобасының жеңімпазы.

Жәнібек НҰРЫШ

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *