Ақмөлдір Абдурахимова, «Шымкент аруы» байқауының жеңімпазы: «Болашақта өз мамандығыммен жұмыс істеймін»

Ақмөлдір Абдурахимова

Ақмөлдір Абдурахимова

Қала күніне орай ұйымдастырылған «Шымкент аруы» байқауында 18 жасар Ақмөлдір Абдурахимова бас жүлдені жеңіп алды. Аруымыз Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясының 1 курс студенті. Мамандығы – дәрігерлік емдеу ісі. Байқауға қатысқан 16 бойжеткеннің ішінен оқ бойы озып шыққан Ақмөлдірмен қысқаша  сұхбат  жүргіздік.

– Ақмөлдір, байқауға қатысуға не түрткі болды?

– Жалпы, «Шымкент аруына» қатысу мектеп жасынан бергі арманым болатын. Ол кезде мүмкіншілігім болмады. Себебі, сабақтан қолым тимеді. Қазір 18-ге толып, бос уақытым табылды. Сондықтан да қатысайын деп шештім. Байқаудың өтетіні туралы ғаламтордан «Инстаграмм», «В контакте» желісінен білдім. Сауалнаманы толтырып, оқу орнының атынан бардым. Кастингке барғанымда қыздар көп екен. Тіпті, араларында 14-15 жастағылары да кездесті. Байқаудың шарты бойынша қатысушылардың жасы 16-дан асқан, бойы 1,68 сантиметрден кем емес болуы керек екен. Ал менің бойым – 1,75 см. Әрі «Sulumodels» сән агенттігінде жұмыс істеймін. Осылайша кастингтен оңай өтіп кеттім.

– Байқауда жеңіске жету қиынға соқты ма?

– Үш турдан өту керек болды. Бірінші таныстыруда қара көйлекпен, екінші, қазақтың ұлттық киімімен, үшінші кешкі салтанатқа киетін көйлекпен шықтық. Бірақ біз сахна сыртында тұрған кезде әділқазылар байқауға қатысатын аруларға сұрақ қоямыз, деді. Ал ол туралы бізге алдын ала айтылған жоқ. Бірақ, мен сол сұраққа нақты әрі толық жауап бердім. Сол үшін де таңдаған шығар.

«Болашақта өз мамандығыммен жұмыс істеймін»

«Болашақта өз мамандығыммен жұмыс істеймін»

– Сұлулық сырыңмен бөлісе кетсең…

– Ешқандай диета ұстамаймын. Бетімнің терісіне ғана күтім жасаймын. Тамақтан өзіме шектеу қойған емеспін. Болашақ дәрігер ретінде адам ағзасына не зиян екенін білгендіктен, тамақты уақытылы ішуге тырысамын. Спортпен айналыспаймын. Кешке серуендеуге шығып тұрамын. Жаман әдеттерден аулақпын. Өзім сияқты адамдармен дос болғанды ұнатамын.

– Сенің тегің қала әкімінің тегіне ұқсас болғандықтан көбісі туысқаны емес пе екен десіп жатыр.

– Иә, осы туралы өзім де айтқым келген еді. Біраз күннен бері ғаламтордан көріп, оқып жатырмын. Бір интернет порталда жазып қойыпты. «Қала әкімінің фамилиясымен ұқсас» деп. Олай емес, жеке төлқұжатымда Абдурахимова деп жазылған. Қала әкіміне ешқандай қатысым жоқ, танымаймын да. Одан бөлек, мені сән агенттігі директорының сіңлісі депті. Оған да ешқандай қатысым жоқтығын айта кеткім келеді.

– Демек, сен байқауға таза еңбегіңмен жеттің ғой?

– Иә, Аллаға шүкір, бұған дейін де көптеген байқауларға қатысқанмын. 2014 жылы «Оңтүстік балына» қатыстым. 2015 жылы наурызда Қапшағайда өткен «Орталық Азияның келбеті» байқауының жартылай финалынан өттім. Жақында 25 қыркүйекте Алматыда осы байқаудың финалының ақтық сынынан өттім. Байқауға 16 мемлекет қатысты. Ұйымдастырушысы – Оңтүстік Корея елі. Азиядан Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан елдері қатысты. Енді 2016 жылы сәуірде осы байқауға қатысу үшін Оңтүстік Кореяға барамын.

«Болашақта өз мамандығыммен жұмыс істеймін»

«Болашақта өз мамандығыммен жұмыс істеймін»

– Отбасың туралы айтып өтсең. Ата-анаң сәнгер болғаныңа қалай қарайды?

– Отбасыда бес баламыз. Өзім үйдің тұңғышымын. Үш інім, бір сіңлім бар. Әкем – құрылысшы, анам — әлеуметтік қызметкер. Олар кішкентай кезімнен ой-пікірімді ашық айтуға үйреткен. Әрине, бір ауыз рұқсатын аламын. Анам осы байқауға қатысар алдын «Жүлде алмасаң көңіл-күйіңді түсірудің қажеті жоқ» деген болатын. Бірақ, сахнада бас жүлденің иесі екенімді айтқан кезде толқығаннан жылап жібердім. Қарасам анам да сахнаға жылап келе жатыр екен. «Сенің бас жүлде алатыныңды білсем, дұрыстап киініп келетін едім ғой» деп әзілдеді. Сөйтсем анам жұмыстан шығып сонда барыпты.

– Сен болашақ дәрігерсің. Сән әлемін де қатар алып жүрсің. Болашақта қайсысына таңдау жасайсың?

– Осы сұрақты көп адам қояды. Сән әлемі тек қана қызығушылығым болғандықтан алып жүрмін. Оқу бітірсем өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін.

– Жүлдеңді қалай жараттың?

– Дәл қазір анаммен бірге дүкен аралауға барайын деп жатырмыз. Бәріне алғыс ретінде сыйлық алмақшымын.

– Ой бөліскеніңе рахмет!

Сұхбаттасқан – Жансая СЫДЫҚБАЙ

Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *